Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан облысында үш мектеп ашылды
Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан облысында да үш мектеп ашылды.
Оқу ғимараттары өңірдегі Төлеби, Ордабасы және Келес аудандарында ел игілігіне пайдалануға берілді.
150 орындық Шомшақты жалпы орта мектебінің жаңа ғимараты Төлеби ауданының Зертас ауылында ашылды. Білім ұясында физика, химия, биология кабинеттері, асхана мен шеберхана, спорт залы және әкімшілік бөлмесімен қамтылған.
Таңсықбай Сарыбасов, Зертас ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Бұл қуаныш көптен күткен қуаныш. Демография дейді ғой, соған байланысты қазір біздің оқушылардың саны көбейіп жатыр. Соған үкіметтің істеп жатқан жәрдемі өте күшті. Көп рахмет, осындай ынтымақ, бірлік болсын деймін.
Мереке қарсаңында Ордабасы ауданына қарасты Аққойлы ауылында да 100 орындық мектептің ашылу рәсімі өтті. Білім беру мекемесі заман талабына сай жабық спорт залы, медициналық кабинет, оқу залы, IT кабинеті, асхана, ашық спорт алаңшасымен қамтылған. Мерекелік шарада облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев өңірдегі білім саласындағы ауқымды жобалармен бөлісті.
Бейсен Тәжібаев, облыс әкімінің орынбасары:
- Түркістан облысында дәл қазіргі уақытта 33 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін 20 мектепті пайдалануға береміз. Қазір кезең-кезеңіменен тапсырып келе жатырмыз. Алдағы 3 жылда біз 96 мектеп соғуды жоспарлап отырмыз. Осы арқылы өңірдегі апатты 4 мектеп пен 3 ауысымға өткен 5 мектеп бар. Соның мәселесін шешуді көздейміз.
Сондай-ақ бүгін Келес ауданында да Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің 300 орындық қосымша жаңа ғимараты тапсырылды. Нысанның құрылысы 2021 жылы басталған. Мектептің жалпы ауданы 3300 шаршы метр. Бұдан бөлек биыл өңірде 6230 оқушыға шақталған 35 жекеменшік мектеп пайдалануға берілді.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш