БҚО-да екі ауылға ауыз су берілді
Батыс Қазақстан облысында таза ауыз сумен қамту бойынша ауқымды істер атқарылып жатыр.
Биылдың өзінде 47 елді мекенге су құбыры тартылуда. Бүгін Бәйтерек ауданындағы Чиров және Раздольное ауылдарына таза ауызсу жетті.
Бәйтерек ауданына қарасты Чиров ауылының тұрғындары үшін бүгін ерекше күн. 300-ден астам тұрғыны бар елді мекенге ауыз су берілді. 53 метр тереңдіктен шыққан мөлдір су қосымша сүзгіден өткен соң әр көше, әр үйге жетіп тұр. Ол үшін ауыл ішінде 5 шақырымдай жер асты құбыры тартылған. Құрылыс құны 278 млн теңге.
Балжан Ажимова, Чиров ауылының тұрғыны:
- Суды өзіміз тасыдық. Үлкені де, кәрісі де. Енді әрбір үйге кіріп тұр. Соған біз мың рахмет айтамыз. Газ бар, жол биыл істеді, су үйге енді келіп тұр. Осыдан басқа ауылға не керек? Еліміз тыныш болып, жұртымыз аман болсын!
Бәйтерек ауданы Раздольное ауылының тұрғындары да бүгін дәл осындай қуанышқа кенелді. Ауыл ішіндегі 21 шақырымдық жерасты су құбыры мен су айдау мұнарасы пайдалануға берілді. Мамырда басталған құрылыс қарашада аяқталыпты.
Қайыр Дүйсенбаев, Раздольное ауылының тұрғыны:
- Таза су алып келді. Мектептерімізді жөндеп жатыр. Көп рахмет! Жолдарымыз жөнделді. Тұрмысқа жеңілдік болып жатыр. Ауылымыз жылдан жылға жақсы боп келе жатыр.
Раздольное ауылына су тартуға 509 млн, 22 шақырым жол салуға 1 миллиард теңге жұмсалыпты. Салтанатты шарада сөз алған өңір басшысы ауыл халқына барынша қолайлы жағдай жасала беретінін атап өтті.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
- Биылғы жылы облыс бойынша 47 ауылдық елді мекенге осындай ауыз су тартылуда. Яғни облыс халқының 95% таза ауыз сумен қамтылады. Ауыз су енді халық денсаулығы үшін үлкен әсер етеді. Сондықтан келе жатқан ұлттық мереке қарсаңында Сіздерге осындай қуаныш сыйлап жатыр. Бұл мемлекеттің үлкен қолдауы.
Биыл өңірдегі 47 ауылға ауыз су жеткізуге қазынадан 6 миллиард теңге қаралған.
Е. Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов