Астанада «Бақытты шаңырақ иелері» мерекелік кеші өтті
17 наурыз – Наурызнама күнтізбесіндегі Шаңырақ күні.
Бұл – отбасылық құндылықтар ұлықталып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан әдет-ғұрыптарымыздың дәріптелетін күні. Атаулы күнге ұштастырыла Астанадағы Музыкалық жас көрермен театрында «Бақытты шаңырақ иелері» атты мерекелік кеш өтті. Іс-шарада өнер мен өмір жолында тоғысқан театр әртістерінің тағылымға толы концерттік бағдарламасы ұсынылды.
Жас көрермен театрында сахна табыстырып, өмірлік серікке айналған 14 жұп бар. Көрерменнің көзайымына айналған өнерпаздар өнерде ғана емес, өмірде де қол ұстасып келеді. Қасиетті сахна төрінен олар бүгін көрермен жүрегіне махаббат, отбасы жылулығы сияқты кіршіксіз сезімдерді ұялатуға тырысты.
Асхат Маемиров, Музыкалық жас көрермен театрының директоры:
- Өнер қуып келген жастардың тағдырын қосып, отбасыға айналуы мені қуантады. Театрдағы 14 жұппен мақтанамын. 28 адам таңертең бірге келіп, кешке бірге қайтуы өзінен кейінгі іні-қарындастарына өнегелі отбасы иелері ретінде үлгі көрсетіп жүргені ұнайды.
Театр табыстырған өнерлі жұптың бірі – Саламат Мұқашев пен Айдана Еңгебайдың отбасы. Олар театр табалдырығын бірге аттап, 2021 жылы шаңырақ көтереді. Ырыс ұйыған отбасы ырымдап, бүгінгі Шаңырақ күнімен ұштастырып, ұлдары Әли-Ахметтің тұсаукесерін өткізді.
Саламат Мұқашев, жас көрермен театрының актері:
- Өнерде бір-бірімізді түсінгеннен кейін, өнерге деген ынтызар шынайы махаббат болғаннан кейін шығар, өнер адамдары бір-бірін түсінеді. Енді ол да бір Алланың жазуы шығар. Бірақ солай қазір өмірде де, өнерде де қол ұстасып, бірге келе жатырмыз. Әр қазақтың, әр қазақстандықтың шаңырағына құт, береке, махаббат, ынтымақ тілейміз.
Астанадағы Музыкалық жас көрермен театрында Наурыз айында тағы екі жұп отау құрып, шаңырақ көтермек. Ынтымағы жарасқан отбасылар – мемлекеттің берік іргетасы. Ал Шаңырақ күні отбасылық құндылықтарды ұлықтар күнге айналады деуге негіз бар.
Авторлары: Қуандық Танабас, Наурызбай Құрманғазы.