21 наурыз күні «Бәйтерек» алдында концерт өтеді
21-22 наурыз күні елордадағы Бәйтерек монументі алдында әз-Наурызға орай мерекелік концерт өтеді, деп хабарлайды 24KZ.
Осыған байланысты Есіл ауданының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын жыл басын бірге қарсы алуға шақырады.
Мерекелік шара қалалық алаңнан бөлек, ЕХРО, орталық саябақта, Қазақ елі монументінің жанында аталып өтеді. Сондай-ақ 30-ға жуық алаңқайларда тойланбақ. Ұлыстың ұлы күнінде «Батыс жәрмеңкесі», «Наурыз базары» секілді көрмелер ұйымдастырылады.
Құралай Слямбекова, Есіл ауданы әкімінің кеңесшісі:
- Ауданымыздың тұрғындары мен қонақтарын осы мерекелік іс-шараларды келіп көруге, сайыстар мен ойындарға қатысуға шақырамыз. Ертең сағат 12:00-де келіңіздер. Бәріңізді күтеміз.
«Бәйтерек» алдындағы дайындық қызу. Ақшаңқай үйлер тігілді. Алтыбақандар мен қазандар құрылды. Сахна тұғыры дайын. Алаңда серуендеген халықтың көңіл күйі де тамаша. Тағатсыздана күтіп жүргеніне қарағанда ертеңгі мерекелік концертке олар да сақадай сай.
Балалар арқан тартысып, асық атса, ересектер қол күресіп, гір көтеруден мықтылық байқасады. Мұнда келген әр адам ұлттық тағамнан дәм татып, қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесінде сауда жасай алады.
Айта кеткен жөн, концерттік бағдарламалар «Пригородный» тұрғын алабында, Керей мен Жәнібек хандар және Әлихан Бөкейхан көшелерінің қиылысындағы саябақта, тағы Есіл ауданына қарасты бірқатар сауда орталығында ұйымдастырылады.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Артур Горшняков, Дәулет Кибраев.