MEGA Silk Way-де ұлттық киім шеруі өтті
Астанадағы MEGA Silk Way сауда ойын-сауық орталығында ұлттық киім шеруі өтті.
Қазақы сән үлгісімен киінген жастар әндетіп, қонақтарды Наурыз мейрамымен құттықтады. Ұлыстың ұлы күніне орай сауда орталығы арнайы концерттік бағдарлама ұсынып, түрлі жарыстар өткізді. Мерекелік жиын жайлы келесі материалда.
MEGA Silk Way-де бүгін ине шаншар жер жоқ. Сауда орталығы отбасылық кездесулер ошағына айналғандай. Ұлыстың ұлы күнінде астаналықтар мен қала қонақтарының көбі осында. Бірі жақындарына сыйлық алып жүрсе, енді бірі достарына көтеріңкі көңіл күй сыйлау үшін арнайы келген.
Алма Ибраева, қала тұрғыны:
- Қазақ елі, Наурыз мерекесі құтты болсын! Міне, осындай жақсы жерде. MEGA Silk Way-дің ішінде қыдырып, әдемі жерлерді көрсетіп жүрміз. Әдейі арнап бізге достарымыз келді Шымкент қаласынан.
Марат Ибраев, қала тұрғыны:
- Наурыз тойы 10 күн Қазақстан бойынша тойланып жатыр ғой. Наурыз құтты болсын деймін Қазақ еліне. Мына MEGA Silk Way-дің іші тамаша безендірілген екен. Қарасаң көзің тоймайды. Қазақша нақыштағы дүниенің бәрі толып тұр.
Меркекелік безендеріру де биыл ерекше. Қазақтың ұлттық нақыштары орталықтың әр бұрышында байқалады. Қаладағы ең ірі сауда орнын әрлеуге ою-өрнектері бар 2000 метр лента кеткен. Ал кіреберістегі үлкен шаңырақ ғимаратқа ерекше сән беріп тұр. Оның диаметрі – 6,5 метр.
Қуат Әкімбаев, MEGA Silk Way СОО директоры:
- MEGA Silk Way СОО Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне өзіміз ерекше дайындалдық. Мерекеміз жарапазан айтудан басталды. Келген қонақтарымыз MEGA қабырғасында ойындар, оркестр, сонымен бірге ұлттық киімдер шеруін тамашалай алады.
Ұлыстың ұлы күні 25 наурызға дейін тойланады. Осы аралықта сауда орталығында түрлі жарыстар өткізіліп, мерекелік жеңілдіктер жүреді.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Нұрғали Мамырбаев, Ислам Махамбет.