Астанада тазалық эстафетасына 35 мың адам қатысты
Астана тұрғындары Наурызнаманың соңғы күнінде белгіленген «Тазару» экологиялық акциясына бір кісідей жұмылды, деп хабарлайды 24KZ.
«Астана жастары» волонтерлер желісі бүгін Көктал саябағында сенбілік ұйымдастырып, қариялардың аулаларын қардан тазалауға болысты.
Таңмен таласа бір топ ерікті Сарыарқа ауданында орналасқан Көктал саябағына келді. Астаналық колледж бен жоғары оқу орындарының студенттері жол жиектері мен спорт алаңын қардан тазартуға білек сыбана кірісті.
Перизат Әбілова, волонтёр:
- Біз Наурызнамаға орай Астана жастары волонтерларымен бірге қаламызды қардан тазартуға шықтық. Сонымен қатар біз мүмкіндігі шектеулі адамдарға, қарт адамдарға көмектесуге барамыз. Жұмыс істеу бізге оңай болып жатыр. Біз 15 шақты адам болып келіп отырмыз.
Акция кезінде арықтар да қар мен қоқыстан тазарды. Ал коммуналдық қызмет жұмысшылары үйілген қарды бір демде арнайы полигонға шығарды. Жалпы «Тазару» күніне белгіленген сенбілік шаһардың барлық көше, саябақтарында ұйымдастырылды. Сарыарқа ауданынан 3200-дей адам белсенділік танытқан.
Ержан Жұмағұлов, «Сарыарқа» ауданы әкімінің орынбасары:
- Бүгін осы акция аясында жалғызбасты зейнеткерлердің үйлерінің ауласынан қарды тазалаймыз. Сонымен қатар аудандардан 270-тен астам арнайы техника, 645 жол жұмыскерлері жұмылдырылған.
Астаналық тұрғын үй кешендерінде де тазалық шарасы өтті. Коммуналдық қызметтер аялдама павильондары мен көпірлерді жууға кірісті. Бас шаһардағы «Тазалық эстафетасына» 35 мыңдай адам жұмылған. Олардың қатарында волонтерлер мен кәсіпкерлер де болды.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Қанат Махмұтов.