Астанада балаларға темекі өнімдерін сатуға қарсы рейд өтті
Жастар әлеуметтік рейдке шықты.
«Дала қырандары» қоғамдық бірлестігі өкілдері салауатты өмір салтын ұстануға шақырады. Спортшылар сауда орындары мен дүкендерді аралап балаларға табак өнімдерін сатпауды талап етіп жүр. Заңға бағынбаған кәсіпкерлер жауапқа тартылады. Бұған дейін түрлі ұйымдар мен құзырлы орган өкілдері елордадағы 700-ден астам сауда орындарын тексерген болатын.
Дүкен аралап жүрген жастардың барлығы түрлі байрақты бәсекеде топ жарғандар. Әлем чемпиондары мен халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері өскелең ұрпақты зиянды әдеттен аулақ болуға шақырады. Алайда самсап тұрған сауда орындарымен бәсекелесу оңай емес. Табак өнімдерінің кейбіріне заң жүзінде тосқауыл болғанымен жасырып сататындар аз емес.
Василий Тахтай, аралас жекпе-жектен әлем чемпионы:
- Бір дүкенге 2-3 рет кіріп ескерту жасаған кездеріміз болды. Кәмелетке толмаған балаға насыбай, снюс сатып жатады. Учаскелік полиция инспекторын шақырып, айыппұл салса да қайтадан сатқандарды кездестіреміз.
Кәмелет жасына толмағандардың насыбайға әуестігін дүкен сатушылары да растап отыр. Күніне ондаған жеткіншек тиым салынған затты сұрап келеді екен.
Аягөз Хасинова, сатушы:
- 21 жасқа дейінгі ататын балалар. Жігіттер особенно. Снюс, насыбай, темекі сұрайды. 16 жасқа дейінгі балалар энергетиктерді жиі сұрайды. Алғысы келеді. Сатпаймыз.
«Дала қырандары» жастардың қоғамдық бірлестігі соңғы он күнде жүз елуден астам сауда орнын аралды. Рейд кезінде арнайы жіберген жеткіншекке 6 дүкенде насыбай сатқан.
Бектемір Жолдасбаев, Нұра аудандық әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы:
- Ол кісілер насыбай сатқан, снюс сатып сол 196-бабы бойынша 25 МРП штраф салынып жатыр. 18-інен бастап 30-ына дейін күнде біз 3-4 сағаттап 20 магазиннен аралап шығып жатырмыз.
Спортты серік етіп, салауатты өмір салтын ұстанған жастардан құралған қоғамдық бірлестіктің 200-ге жуық белсенді мүшесі бар. Нұра ауданын аралаған спортшылар әлеуметтік маңызды рейд алдағы күндері жалғасады дейді. Бұған дейін Астана қаласындағы сауда орындарынан 4 тоннадан астам рұқсат етілмеган табак бұйымдары тәркіленіпті.
Мансұр Есқожин, Асхат Қарақойшиев