Құлсары қаласы судан тазартылып жатыр
Құлсары қаласын қалпына келтіру жұмыстары қарқын алды.
Қазір шаһардағы ықшамаудандар судан тазартылып жатыр. Осы күнге дейін 1 миллион 286 мың текше метр су шығарылды.
Тасқын қаупі сейілгелі төтенше жағдай қызметкерлері мен арнаулы мекеме мамандары Құлсары қаласын күндіз-түні судан тазартып жатыр. Қазір 1500-дей үйдің ауласындағы су шығарылған. Бұл жұмыстарға 100 техника мен 3 мыңға жуық қызметкер жұмылдырылды.
Қобылан Кенжебеков, Жылыой аудандық ТЖБ бастығының уақытша м.а.:
- Қазіргі таңда Құлсары қаласында су басқан аймақтарда жалпы көлемі 1 млн 286 мың 587 текше метр су сорылды. Нәтижесінде 1575 үйдің аумағындағы су қауіпсіз жерге шығарылды. Су сору жұмыстарына 4 бірлік өрт-сорғы стансылары, 38 бірлік су сорғылары және 51 бірлік вакуум техникалары жұмылдырылды.
Табиғи апаттан зардап шеккен жылыойлықтарға көрші облыстар да қол ұшын созып, көмек көрсетіп жатыр. 6 сәуір күні Маңғыстау облысынан келген Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары алғашында жаға бекітуге жұмылса, қазір су сору жұмыстарына кіріскен.
Ғабит Омаров, Маңғыстау облыстық ТЖД қызметкері:
- Сәуірдің 5-і дабылмен көтеріліп, сәуірдің 6-сы осы Құлсары қаласына жеттік. Жеке құрам – 72 адам. Қазіргі таңда атқарып жатқан жұмыстарымыз, су сору жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Әкелген мотопомпаларымыз: тіркемелі мотопомпаның төртеуі жұмыс жасап жатыр. Көшірмелі – 7 мотопомпа.
Қазір Жылыой ауданында жағдай тұрақталды. Жем өзенінің деңгейі 175 сантиметрге дейін түсті. Қала судан тазартылып, дезинфекциялау жұмыстары жүріп жатыр.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов.