Қызылордада жаңа стадион құрылысы басталды

20 миллиард теңгеге салынатын  спорт кешені 10 мың адамға арналған.

Халықаралық талаптарға сай стадионға табиғи  көгал төселеді.

Заманауи спорт кешенінің іргетасын қалау рәсіміне қатысқан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бұл - ең алдымен спортсүйер қауымның қалауы екенін айтты. Осыдан 60 жыл бұрын салынған Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадион УЕФА талаптарына сәйкес келмейді. Сондықтан балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту және жергілікті «Қайсар» клубы ойыншыларына тиісті жағдай жасау үшін маңызды шешім қабылданғанын жеткізді.   

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- Жыл басынан бері спортшыларымыз облыс қоржынына 6 медаль, республикалық чемпионаттар мен кубоктерінде 140 жүлде иеленді. Бокстан, грек-рим күресінен Париж Олимпиадасына және отырып ойнау волейболынан қос спортшымыз Паралимпиадаға жолдама алды. Біздің спортшыларымыздың жеңіс тұғырынан көрінуі үшін барлық жағдайды жасаймыз. Іргетасы қаланған жаңа стадион Сыр спортына жаңа мүмкіндіктер мен жаңа жеңістер сыйлайды деп сенеміз.

Өңірде құны 2 миллиард 700 миллион теңге болатын үстел теннисі орталығы салынып жатыр. Сондай-ақ жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүруде. Енді міне табиғи көгал төселіп, халықаралық деңгейдегі ойын өткізуге болатын стадион өңір спортына серпін бермек. 

Асхат Тағыберген, футболдан ұлттық құрама капитаны:

- Еуропалық стандартқа сай стадион ең бірінші өзімнің туған өлкем Қызылорда қаласында салынып жатқанына өте қуаныштымын. Болашақта жастарымыз Еуропада және ұлттық құраманың басты рөлдегі ойыншылары болады деген ойдамыз.

Сырдарияның сол жағалауынан бой көтеретін стадион 16 айда ел игілігіне берілмек.

Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев