Қордайда бірлік пен ынтымақ форумы өтті
Жамбыл облысындағы Қордай ауданы халқының тең жартысы, яғни 75 мыңға жуығы өзге этнос өкілдері.
Олар түрлі салада жетістікке жетіп, еліміздің өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүр. Ауданда ұлтаралық келісім нығайып, тілі бөлек, тілегі бір өзге этнос өкілдері мемлекеттік тілді меңгеруге де ден қойған.
Бірлік және ынтымақ форумына Қордай ауданында тұратын 33 этностың өкілдері қатысты. Келелі кездесуге Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері мен төраға орынбасары қатысты. Этномәдени бірлестік жетекшілері шарада өз ойларын ортаға салды. Аудандағы ұлтаралық келісімді нығайту мақсатында атқарылатын жұмыстардың барысы мен жоспары айтылды.
Лугмар Буларов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары:
- Біз бұған дейін де достық қатынаста, бірлікте өмір сүріп келеміз. Ал бұл форумнан соң қырым-қатынасымыз одан әрі жақсы жаққа нығаяды деген сенімдемін. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы ассамблеясының 33-сессиясында негізгі деген бес басымдықты белгілеп берді. Осы ұстанымды алға қойып, бірлігіміз бен ынтымағымызға сызат түсірмеуіміз қажет.
Жалпы Қордайда 8 этномәдени бірлестік тіркелген. Олар қоғамдық жұмыстарға атсалысып, қайырымдылық шараларын да жиі өткізеді. Еліміздің бірнеше аймағын топан су басып, ел басына күн туғанда аудандағы өзге этнос өкілдері бірлігін көрсете білді. Олар апат болған аймақтарға 67 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Ал форумда ұлтаралық мәселелердің алдын алу, жастар мен білім саласына аса мән берілді.
Лесбек Ілебаев, Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы:
- Бізді біріктіретін фактор ол қазақ тілі. Қайта мемлекеттік тілді білген азамат өседі. Ол ертең елімізде емін-еркін жүреді. Кез келген Қазақстанның жеріне барып жұмыс жасай алады. Оның үлкен биік белестерге шығуына мүмкіндік береді.
Осылайша этнос өкілдері бірлік пен ынтымақты арттыра түсуге ниетті екендіктерін жеткізді. Салмақты ойларды саралаған форум соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Мерей Бает, Елдар Байділдә