Елордада Run for Autism қайырымдылық марафоны өтеді
Қайырымдылық жүгіріске қатысып, қамкөңіл балаларға қуаныш сыйла!
«Ран Фо Аутизм» спорттық жарысына қатысушылар биыл да аутизм мәселесіне қоғам назарын аудартпақ. Астанада екінші рет өтетін ауқымды шараға екі мыңға жуық адам қатысып, бір мен он шақырымға дейінгі қашықтықты бағындырады. Спорттық шарадан түскен қаражат менталдық бұзылыстары бар балаларды сауықтыру шараларына бағытталмақ.
Әлемде 100 баланың бірінде аутизм анықталады. Қазақстанда осы диагноз қойылған 16 мыңнан астам бала бар. Осындай сәбилер мен олардың ата-аналарына қолдау көрсету үшін «Ран Фо Аутизм» қайырымдылық жүгірісі ұйымдастырылады. Былтыр жарысқа мың адам қатысса, биыл 1800 өтінім түскен.
Самал Әлбілекова, «Болашақ» корпоративтік қорының бағдарламалар координаторы:
Биылғы түскен қаражат қайырымдылық жүгірістен тағы да балабақшаларда инклюзия кабинеттерін ашуға жұмсалатын болады.+Инклюзияны қолдау орталықтары бұл аутизмі бар балаларды қолдауға, өздерінің құрдастарымен бірге тәрбие, білім алуға мүмкіндік беру үшін ашылады. Бұндай балалар арнайы коррекциялық балабақшаларда емес, мектептерге барып, өз сыныптастарымен бірге барып білім алады.
@BolashakCharity
Жүгіріс 1 мен 10 шақырым аралығында төрт қашықтықта өтеді. Оған кез-келген адам қатыса алады. Жарыс жеңімпаздары диплом және медальмен марапатталады. Сондай-ақ бағалы сыйлықтар ойнатылады. Айдар Махметов жарысқа биыл да отбасымен қатысып, бағын сынап көрмек.
Айдар Махметов, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері:
- Кіші ұлым былтыр 7-де ғана болып, жарыстың ең кішкентай қатысушысы болып шықты. Биыл да жүгіремез. Менің екі ұлыммен бірге мамам да жүгіреді. Биыл 70-ке келеді. Спортсүйер қауымды осы шараға қатысуға шақырамын.
Іс-шара аясында ерекше балаларға арналған «Көңілді старттар» спорттық-ойын эстафетасы өткізіледі. Қайырымдылық жарыс 18 мамыр күні таңғы сағат 08:00-де Астана қаласындағы Триатлон паркінде өтеді.
Қуандық Танабас, Ерлан Наурызбаев