Алматыда «Адам бол!» фильмінің тұсауы кесілді

Алматыда экшн-комедия жанрындағы «Адам бол!» фильмінің тұсауы кесілді.

Голливудта түсірілген бұл картина Қазақстан мен Нигерия мәдени ынтымақтастығының нәтижесі. Өмірде қандай жағдай кездессе де адам болып қалуды үндейтін фильм Қазақстанда ғана емес, Нигерияда, сонымен қатар бүкіл Африка құрлығында Netflix Africa және Prime TV танымал платформаларында көрсетіледі.

Жаңа фильмнің 80 проценті Нолливудта түсірілген. Киноға отандық мамандармен бірге танымал киноиндустрияның продюсерлері, режиссерлері, сценаристері мен операторлары атсалысты. 

Алмас Әлімжанов, режиссёр:

- Нигерия яғни Нолливуд бұл қазіргі таңда Болливудтан кейін екінші орында тұрған мемлекет кино шығару саласынан. Жылына 2,5-3 мың кино шығарады. Сондықтан біз осы Нолливудпен бірлесіп, тек қана ол жақтың локацияларын пайдаланып емес, бірге копродукция жасағымыз келді. 

Фильм сюжеті кездейсоқ Африкаға барған үш жігіттің төңірегінде өрбиді. Адам ұрлау, аборигендердің ерекше рәсімдері, қатыгез джунглиге тап болған кейіпкерлер өмір туралы ойлана бастайды.

Қымбат Досжан, фильмнің бас продюсері:

- Бұл жерде енді отбасылық құндылықтар, әке мен бала арасындағы қарым-қатынас бұл енді меніңше бітпейтін әңгіме. Ол бізде ғана емес, бүкіл шетелдіктерде де бар. 

Фильмге қазақстандық Қуаныш Құдайберген, Рауан Романи, Рысқұл Қонақбаев, сонымен қатар Нигерияның танымал актёрлары Чимези Имо, Чарльз Окоча түскен.

Рысқұл Қонақбаев, актёр:

- Мен сырттан қарасам ұят болады да мә мынау не істеп жатыр, бірақ шыны керек, жүрегі іші жаны қазақ, намыс, елім-жерім деген сондай уайымдайтын, мықты жігіт, ең күлдіретін, ең сондай бір қызықтыратын персонаждардың бірі сол Тоқтар деп ойлаймын.

Жаңа туынды 16-мамырдан бастап Kinopark-Kinoplexx кинотеатрлар желісінен көрсетіледі.

Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев