Қостанайда бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті
Жәрмеңкеге 70-тен астам кәсіпорын, мекеме, ұйымдар қатысты.
Биыл жоғары оқу орнын бітіретін түлектер олардың ұсыныс-шарттарымен танысып, бірқатары жолдама алды.
Жастар сарайының іші құдды бір қыж қайнаған базарға айналғандай. Қаз-қатар тізілген жұмыс берушілер. Олардың айналасында сеңдей соғылып, сапырылысқан жұмыс іздеушілер. Жәрмеңкенің мақсаты да сол - екі жаққа да таңдау мүмкіндігін тудыру.
Арман Молдабаев, студент:
- Студенттер мен түлектер үшін мұндай шараның маңызы зор. Жәрмеңкеде таңдау мүмкіндігі мол. Жұмыс берушімен көзбе-көз кездесіп, олардың ұсыныстарымен, шарт-талаптарымен етене танысасың.
Жыл сайынғы дәстүрлі шараға айналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне биыл 70-ке жуық облыстың ірі кәсіпорындары, мекемелері қатысты. Қазір өңірде әсіресе инженер, автомеханик, құрылыс мамандықтарына сұраныс бар.
Абай Дүйсеков, жастар ресурстық орталығының басшысы:
- Мыңнан астам студент түлектері шақырылған болатын. Шамамен бір айда диплом алып, ертең жұмыс іздейді. Сондықтан біз жаңағы көмек ретінде осындай іс-шара ұйымдастырып жатырмыз. Оларға жаңағы өзіне ұнаған ұйымға барып, өзіне жұмыс таба алады.
Иә, ниет болса жұмыс бар. Жастарға жол ашатын мемлекеттік бағдарламалар да жетерлік. Жастар практикасы, бизнес бастамаларды қолдау сияқты жобалардың игілігін көргендер аз емес.
Динара Қарымсақова, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының м.а.:
- Облыста болашақ мамандықтар атласын құрамыз. Ондағы мақсат - салалық сарапшылармен, өңірлік жоғары оқу орны өкілдерімен бірге дәстүрлі жұмысшы мамандықтар қалай өзгеретінін болжап, біліп отыру. Қазір фермаларда робототехник, ақылды үйді жобалаушы, өндірістік робототехника инженері деген жаңа мамандықтар пайда болды.
Қостанай облысында жастарды әлеуметтік қолдау жағы да ерекше назарда. Өңірде былтыр жастарға жеңілдетілген несиемен баспана алуына мүмкіндік беретін арнайы бағдарлама қабылданды. Биыл осы мақсатқа бөлінетін қаржы 3 есе өсіп, 2 миллиард теңгеге жетті.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг