Атырауға Алматыдан гуманитарлық көмек жеткізілді
Бүгін Атырауға Алматы қаласынан гуманитарлық көмек жеткізілді.
Бұған Президент жанындағы Әйелдер істері мен отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия мұрындық болды. Ұлттық комиссияның бастамасымен 15-19 мамыр аралығында су тасқынынан зардап шеккен 8 өңірге гуманитарлық көмек жөнелту жоспарланған.
«Біздің күшіміз – бірлікте» қайырымдылық акциясы аясында Алматыдан аттанған жүк көлігі бүгін 20 тоннадан астам гуманитарлық көмекті өңірге жеткізді. Азық-түлік пен қажетті заттар тасқыннан зардап шеккен Құлсары қаласының тұрғындарына жөнелтіледі.
Зәмзәгүл Жалмурзина, облыстық Әйелдер істері мен отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi комиссияның бас инспекторы:
- Біз бүгін Атырау облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия осы атаулы Алматы облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелерінің, Алматы қалалық комиссия мүшелерінің, Алматы қаласы жастар басқармасының ұйымдастырған 20 тоннаның үстіндегі гуманитарлық көмегін қабылдап алып жатырмыз. Біз тағы да Атырау облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия атынан зор ризашылық білдіргіміз келеді.
Алматыдан келген жүк гуманитарлық көмекті қабылдау пунктіне түсірілді. Осы жерден волонтерлік штаб мүшелері сұрыптап, сұраныс бойынша рет-ретімен жібереді.
Әйгерім Досқалиева, облыстық волонтерлік штабтың жетекшісі:
- Гуманитарлық көмекпен бізге ең қажетті дүниелер жеткізілген екен. Ол дегеніңіз – азық-түлік бұзылмайтын, одан қалды киім-кешек, жатын көрпелер, ең қажетті деген құрал-саймандар. Сол үшін біз ұлттық комиссияға үлкен алғыс білдіреміз.
Өңірге бүгінге дейін мың тоннадан астам гуманитарлық көмек келген. 600 тоннаға жуығы аудандарға жіберілді.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин.