Оралда жылыту маусымына дайындық басталды

Былтыр Батыс Қазақстан облысының жылу-энергетика саласын жаңғыртуға 12 миллиард теңге бөлінді.

Соның нәтижесінде кәріз жүйесіндегі, су, газ, жарықпен қамту саласындағы апатты жағдайлар екі есе азайды. Ал жылу желілерінде бірде-бір ақау тіркелген жоқ. Қазір Орал қаласының коммуналдық кәсіпорындары алдағы жылыту маусымына дайындықты бастап кетті.

Оралда жылу желілерінің жартысы тозған. Биылғы жылыту маусымын ойдағыдай өткеру үшін 3,8 миллиард теңге бағытталды. Қазір 70 мың тұрғынды қамтитын №5 жылу магистралін жаңғырту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Коммуналдық желілердің мәселесін таяу жылдары түбегейлі шешеміз, – дейді құрылыс басында болған өңір басшысы.

Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:

- 250 шақырым қала ішінде жылу желілерінің трассалары бар. Біз қазір №5 жылу магистралінде болдық. 3,2 шақырым жаңа технологиямен жылу трассаларын ауыстырамыз. Мен жаңа тапсырма бердім. Бізде қазанның 15-і жылу маусымы басталатын болса, мен қыркүйектің 1-не дейін аяқтауды тапсырып отырмын.

Магистральды желіден басқа «Жайықжылуқуат» кәсіпорнының инвестициялық бағдарламасы есебінен жоспарланған өзге де жұмыстар жетерлік. Жылу электр орталығының жайы да басты назарда. Биыл мұнда тозған қазандықтың орнына турбоагрегат қойылмақ.

Бақытжан Әкімғожин, «Жайықжылуқуат» АҚ бас директоры:

- Жылу электр орталығы бойынша тозығы – 87,8%. Қазіргі таңда біздерде 2 қазандықты күрделі жөндеу жоспарлап отырмыз. Оның біреуін 15 сәуір жылыту маусымы біткесін бастап кеттік. Қазіргі таңда 50%-ке жасалып тұр. Сонымен қатар біздің жылу электр орталығында газ-турбиналық қондырғы бар, «Хитачи» деген. Биыл соны жоспарлап отырмыз. Инвест бағдарлама аясында, көмекші құралдар дейді ғой, соны кезең-кезеңмен ауыстыру жоспарда бар.

Облыстың инженерлік инфрақұрылымын қайта жаңарту үшін 62,2 млрд теңгеге 23 жоба әзірленіп отыр.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов.