Қостанай облысында спорт кешені ашылды

Қостанай облысында тағы бір дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді.

Жаңа нысан Қостанай ауданының Заречный ауылында бой көтерді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған кешенде 150 адам қалаған спорт түрімен айналыса алады.

Бұл – Заречный ауылында соңғы 2 жылда салынған екінші спорт ғимараты. Былтыр мұнда жабық ат аренасы ел игілігіне берілді. Енді, міне, тағы бір спорт кешені ашылды. Жаңа нысанның пайда болғанына әсіресе жергілікті жастар дән риза. Өйткені бұл ауылда екінің бірі салауатты өмір салтын ұстанады. Бір ғана қазақша күреспен 180 бала айналысады.

Батухан Келден, жаттықтырушы:

- Біз осыған дейін ДК-да, екінші қабатта жаттықтық. Сонда біз балалар көп келеді. Ыңғайсыз болады. Осы жаңа залға балалар бәріміз қуанып жатырмыз. Енді балалар үлкен-үлкен жетістіктерге осы залдан шығады деген үмітіміз бар.

Ернар Сайлау, қазақ күресінен спорт шеберлігіне үміткер:

- Осы спорт кешенінің салынғанына өте қуаныштымын. Жағдай бәрі жасалып тұр. Енді үміттеріңізді ақтаймыз деп отырмыз.

Ғимараттың жалпы ауданы – 1700 шаршы метр. Мұнда волейбол, баскетбол, футбол, ұлттық спорттың ойын түрлерімен айналысуға болады. Одан бөлек, жеке күрес залы бар. Спорт кешенін салуға «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы бойынша 360 млн теңгеден астам қаржы бөлінген.

Құмар Ақсақалов , Қостанай облысының әкімі:

- Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға бірнеше тапсырма беріп, арнайы бағдарлама бекітіп, қаржы бөлінді. Мінеки, соның нәтижесінде былтыр 3 ауданда осындай заманауи спорт орталықтары ашылған еді. Биыл Денисов ауданы орталығында ашылды. Тағы да 8-ін салып жатырмыз.

Осындай заманауи жаңа нысандар көбейген соң облыста тұрақты түрде спортпен айналысушылардың саны арта түскен.

Елена Киреева, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

- Өңірде спортты жанына серік еткендердің қатары жыл сайын көбейіп келеді. Қазіргі кезде облыс тұрғындарының 43,3%-і спортпен белсенді түрде айналысады. 2029 жылға дейін бұл көрсеткішті біз 50%-ке жеткізуді көздеп отырмыз.

Биыл облыста салынатын 8 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жетеуі ауылды жерде бой көтереді.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров.