Халық Банк Astana Half Marathon-ның тұрақты демеушісі атанды

Halyk Bank Astana Half Marathon-ның тұрақты демеушісі атанды.

Осы мақсатта елдегі ірі қаржы институты «Бірінші болу – батылдық» корпоритивтік қорымен 5 жылдық келісім-шартқа қол қойды. Халықаралық сипат алған спорттық шараның тұрақты әрі бас демеушісі атанған Halyk Bank былтыр да осы марафонға демеуші болған.

Halyk Bank пен «Бірінші болу – батылдық» корпоравтивтік қорының арасындағы меморандум Astana Half Marathon-ның болашағын бекемдей түсті. Қаржы институты спорттық шараның 5 жыл бойы тұрақты өтуіне кепіл болмақ. Жалпы Halyk Bank еліміздегі салауатты өмір салтын насихаттайтын жобалар мен спортқа тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Айта кетейік, 2012 жылы алғаш рет өткен Алматы марафонына осы Halyk Bank қолдау жасаған. 

Дәурен Сартаев, "Қазақстан халық банкі" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:

- Біз 10 жылдан бері еліміздің әр өңіріндегі марафондарға қолдау көрсетіп келеміз. Бүгінгі келісім-шарт біз үшін өте маңызды және үлкен жауапкершілік жүктейді. Алматы мен Астана марафонының статистикасы өте жоғары. Тіпті халықаралық сипат алып, шетелден келетін желаяқтардың саны жыл сайын артып келеді. 

Astana Half Marathon-ы 16 маусым күні өтеді. Ұйымдастырушылардың болжамы бойынша 20-дан аса мемлекеттен 6000 желаяқ келеді. Дүбірлі дода «Нұр Әлем» шары алдынан басталып, «Хан Шатыр», «Тәуелсіздік сарайы», «Бәйтерек» монументі арқылы жалғасады. Ұйымдастырушылар дәстүрлі марафонға сақадай сай екенін мәлімдеді. 

Салтанат Қазыбаева, "Бірінші болу – батылдық" КҚ атқарушы директоры:

- Мұндай ауқымды спорттық шараға қаржылық қолдау аса маңызды. Өйткені спортшыларға қажетті жабдықтардан бастап, қауіпсіздік және жедел жәрдем қызметтері қамтылады. Halyk Bank бастаған демеушілердің арқасында Алматы марафоны 13 жыл бойы өтіп келеді. Астана марафонын үшінші жыл ұйымдастырып жатырмыз. 

Halyk Bank демеушілік жасаудан бөлек осы спорттық шараға тұрақты қатысушылардың бірі. Astana Half Marathon-на 150-ден аса банк қызметкері қатысады.

Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов