Астанада Skoda-ның дилерлік орталығы ашылды

Астанада ел нарығына қайта оралған Skoda брендінің дилерлік орталығы ашылды, деп хабарлайды 24kz.

Енді тұрғындар отандық көліктерді ерекше шоурум ішінде таңдай алады. Бүгін ресми ашылған орталық мүмкіндіктерін таныстырды. Компания тұтынушыларға сапалы қаржылық қызмет пен жеңілдетілген несиелер ұсынуды уәде етіп отыр.

Аумағы 850 шаршы метрге жететін Allur қазақстандық автокөлік компаниясының жаңа шоурумы соңғы үлгідегі Skoda мен Jetour көліктеріне толы. Алғашқысы қазақ жерінде 20 жыл бұрын сатылымға шыққан. Әу бастан сұранысқа ие. Енді араға уақыт салып, Қазақстан нарығына қайта оралды. «Бұл дәйек орталықтың маңызын еселей түседі», -ма дейді мамандар.

Ғалымжан Инкабеков, Allur автосалонының директоры:

- Тұтынушылар барлық көлікті несиеге ала алады. Ең тиімді шартпен бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылған. Қазіргі уақытта кодиак көлігінің құны 16 млн 990 мың теңгеден басталады. Бұл бәсекеге қабілетті және сапалы өнім. Тұтынушылар кез келген түсті таңдай алады. Барлығы қолжетімді, тұрғындарды қуанышпен қарсы аламыз.

Шкода көлігін ресми дилерден алуға асыққан тұрғынның бірі – Сергей Волков. Ол 14 жыл бойы осы брендті тізгіндеді. Орталық ашылатынын естіп, темір тұлпарын осы жерде жаңартуды жоспарлапты. Осылайша, орталықтың ең алғашқы тұтынушысы болды.

Сергей Волков, қала тұрғыны:

- Ең әуелі көліктің электрлі орындығына тоқталғым келеді. Икеміңе қарай ыңғайлап алуға болады. Көлемі де көңіліме жақты. Кең әрі жинақы. Көлік сәтті автоматтандырылған, жүргізу барысында жан-жақты көмектеседі. Сапасы да жақсы. Бұл Skoda брендінің жаңа кезеңі деуші едім. Қазірге дейін 600 шақырым жүрдім, көңілімнен шықты.

Орталықта жаңа көліктермен қоса, тиімді ұсыныстар да бар. Таңдаған тұлпарды ыңғайлы қаржылық қызметпен жылдам сатып алуға болады. Өйткені Allur Finance бағдарламасының арқасында несиелеу, бөліп төлеу және сақтандыру қолжетімді.

Авторлары: Бекзат Аманов, Жандос Битабаров, 24КЗ