USD 346,51

EUR 401,20

РУБ 5.48

Еліміздің барлық сауда орталықтарында өрт қауіпсіздігі тексеріледі

Еліміздің барлық сауда орталықтарында өрт қауіпсіздігі тексеріледі

Екінші сәуірден бастап, еліміздің барлық сауда орталықтарының өрт қауіпсіздігі тексеріледі. Нысандардың дайындығын жоспардан тыс тексеру - бас прокуратураның бастамасы.

Ал біздің тілшілер бүгін Астанадағы бірқатар ойын-сауық кешендерін аралап, ондағы тілсіз жаумен күресу амалдарымен танысқан еді. 

Өрт сөндіру қызметі, полиция, жедел жәрдем. Бас-аяғы 7 техника, 30-дан астам маман. Бәрі Астанадағы «Аружан» сауда ойын-сауық кешенінде өртке қарсы оқу-жаттығу өткізуге жиылған еді. Әттеген-айы болмаса. Әу баста берекелі шараны өткізуге бастама көтерген орталық басшылары аяқ астынан бұл ойынан айнып қалды.

Мадияр Мұрзагелдиев, Астана қаласы ТЖД Алматы ауданы ТЖБ бөлім бастығы:

- Бүгінгі күнге дейін осы ойын-сауық орталығының әкімшілігімен келісім болды. Оқу-жаттығу жүргізілуі тиіс еді Астана қаласы ТЖД қызметкерлерімен. Қазір әкімшілігі бас тартып отыр. Оның біліп отырғанымыз жаңа. Қазір айтып отыр. Не себептен екенін білмейміз.

Себебін орталық директорының өзі де түсіндіре алмады.

Руслан Садықов, сауда орталығының директоры:

- В последний момент в рамках подготовки к учению...эээ...были выявлены какие-то вещи, которые мы...эээ...не могли бы...ну...как бы...

Кәсіпкердің өзі бастама көтеріп, аяқасты айнып қалуына не себеп? Бұған біз де, мамандарда аң-таң.  

Сөйтіп, келесі сауда орталығына бет бұрдық. Әлемнің әйгілі сәулетшісі Норман Фостердің жобасымен салынған «Хан шатырдағы» өрт қауіпсіздігін тексердік. Ғимарат айналасында һәм әр эвакуациялық сатыда түтін тартатын сорғылар орнатылған. Өрт кезінде 160 есіктен сыртқа шығып кетуге мүмкіндік бар. Кемереводағыдай кинотеатр залдарында қамалып қалу мүмкін емес деп сендірді бізді осындағылар.

Нұржан Шалов, сауда орталығының өрт қауіпсіздігі жөніндегі инженері:

- Мына датчиктер қолмен дабыл қағу. Мысалы, кино болып жатқан кезде бір жерден от шықса, адам келеді де мына кнопканы басады. Сонда жалпы Хан Шатыр бойынша дабыл қағылады. Ал мына эвакуациялық шығу. Есік оңай ашылады. Мына жерде апаттық жарық тұр. Ылғи жанып тұрады.

Сәуірдің екісінен бастап еліміздің барлық сауда орындарындағы өрт қауіпсіздігі тексеріледі. Бәлкім, "Аружан" ойын-сауық орталығының күмәнді жағдайы сол кезде әшкере бола ма?

Жасұлан Ақтаев, ҚР ІІМ ТЖК басқармасының бастығы:

- Сауда үйлеріне біріншіден, өрт сөндіру құралдарымен жабдықталғаны, аварийный выходтары, барлығы қарастырылады. Сондай жұмыстар. Негізі соған мән беріп отырмыз. Нысандарда су құбырлары жұмыс істеп тұр ма? Өрт сөндіру, өрт дабылдары жұмыс істеп тұр ма, соның барлығына да мән беріледі. 

Бас прокуратура бастаған рейд 3 айға созылады. Егер кәсіпкерлер тарапынан заң бұзушылықтар анықталса, ғимарат иелеріне ақауды жою үшін 1 ай уақыт беріледі. Сауда орындарынан бөлек білім беру ошақтарының да өрт қауіпсіздігі тексеріледі. 

Авторлары: Ж.Біркенов, Е.Кеншімбек, М.Диқанбаев

Хабар 24 әлеуметтік желілерде