356.54 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде байлыққа салық салына ма?

  • 159

Азды қанағат етіп отырған жұмысшылардың салықтық жүктемесі қаншалықты азаяды?

Ұлттық экономика үшін жауапты министр Тимур Сүлейменов халықтың осы және өзге де сауалдарына жауап берді. Өткен жылды қорытындылап, жоспарларымен бөлісті.

Қазақстандық министрлер бірнеше жылдан бері халыққа жақын болуға тырысып-ақ жүр. Таңдау жоқ. Заң міндеттейді. Тимур Сүлейменов уәдесіне берік министр ретінде танылған. Содан болар залға жиналғандар саны аз болмады. Министрдің баяндамасы да мардымды. Ал келтірген деректері құлаққа жағады. Экономикалық өсім бар, инфляция төмендеген, ал мемлекеттік бағдарламалар нәтижелі.

Мысалы, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында мыңдаған шақырым тасжол жөнделсе, «Нұрлы жер» жүздеген адамның баспаналы болуына сеп болды. «Бизнестің жол картасы» 192 мың кәсіпкерге қолдау көрсетсе, «Жұмыспен қамту» бағдарламасы арқылы 315 мың адам тұрақты табыс тауып отыр.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- 2017 жылы халықаралық рейтингтік агенттіктердің Қазақстанның инвестициялық сенімділік деңгейін растауы және болжамының терістен тұрақтыға жақсаруы оң өзгерістердің куәсі болды. 2018 жылғы зерттеу қорытындылары бойынша, әлемдік бәсеге қабілеттілік рейтінгісінде Қазақстан 38-орынға ие болады.

Министрмен кездесуге келген халықтың сауалы сан түрлі. Ең алдымен жиналғандарды мемлекеттің сыртқы қарызы алаңдатады. Министрдің айтуынша, елдің берешегі 165 млрд долларды құраған. Оның төрттен бір бөлігі үкіметтің алғаны. Бас экономист «бұл келешекке қауіп төндіретіндей қарыз емес», – дейді. Ал болашақта байлыққа салық салына ма деп берекесі қашқандарды министр әзірге ондай жоспар жоқ деп тыныштандырды. Азды қанағат етіп отырған еңбек қауымы үшін сүйінші жаңалық. Президенттің тапсырмасы бойынша салық жүктемесі жеңілдетіледі. Жалақысы 60 мыңнан аспайтын жұмысшы енді 6 мың емес, 600 теңге салық төлейтін болады.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 пайыз еселенген көлемінен аз жалақы алатынындардың жеке табыс салығы 10 есе азайту арқылы олардың салықтық жүктемесін жеңілдетеміз. Заң жобасына тиісті өзгертулер еңгізілді. 1 қаңтардан бастап жүзеге асады.

Мемлекеттің экономикадағы үлесін төмендету мәселесі әлі де өзекті. Биыл ұлттық компаниялардың активтерін жекеге сату есебінен 4-7 млрд доллар көлемінде түсім түспек. Құзырлы орган жоспарды 2025 жылға дейін түзіп қойған. Басты мақсат – елдің макроэкономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, халықтың әл-ауқатын «мен» деген елдермен теңестіру. 

Хабар 24 телеарнасы