352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ұлыбританияда Алтын адам туралы деректі фильмнің тұсаукесері өтті

  • 462

Біріккен Корольдікте ВВС телеарнасы түсірген «Алтын адам туралы аңыз: Ұлы дала құпиялары» деректі фильмінің тұсаукесері болып өтті.

Фильм Қазақстандағы ең танымал археологиялық қазбалардың бірі Есік қаласынан табылған Алтын адам туралы түсірілген. Ол демалыс күндері BBC World News телеарнасынан бірнеше мәрте эфирге қайталанып берілетін болады.

Фильм эфирге «BBC World News» телеарнасының жеке бастамасымен ұсынылды. Ол халықаралық кең таралым жүйесі арқылы көрерменге жол тартады. Яғни Еуропа, Азия-Тынық мұхит аймағы, АҚШ, Орталық Азия, Таяу Шығыс, Латын Америка және Оңтүстік Африка елдерінде көрсетілетін болады.

Өткен жылы «Ұлы дала аңызы» атты ірі жарнамалық кампания ұйымдастырылғаны белгілі. Телеарна Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясымен бірлесіп еліміздің тарихи орындары Айша-Бибі және Қожа Ахмет Яссауи мавзолейлері жайлы қысқа роликтер түсірді және оны ауқымды аудиторияға ұсынды. Шағын фильмдердің бірі Алтын адамға арналған болатын. Бұл хикая телеарна редакторларын қызықтырып, толыққанды деректі фильм түсіруге итермелесе керек.

Сергей Становкин, ВВС Worldwide аймақтық өкілдігінің басшысы:

- Меніңше, фильм әлемге Қазақстанның бай мәдениеті және тарихын паш етіп қана қоймай, шет мемлекеттерден туристер тартуға да зор мүмкіндік бермек.

Фильмнің тұсаукесері Біріккен Корольдік Парламентінің ғимаратында ұйымдастырылды. Қонақтарды Ұлыбритания қауымдар палатасының депутаты, Қазақстанмен байланыс жөніндегі жалпыпартиялық топ төрағасы Боб Стюарт және Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов қарсы алды. Шара барысында Британия жұртшылығы Ұлы дала елінің ежелгі тарихы мен мәдениеті туралы көп мағлұмат ала алды.

Питер Хоммель, Оксфорд университеті Азия археологиясы, өнері және мәдениеті орталығының зерттеушісі:

- Бұл – мен үшін өте ғажап дүние. Меніңше, Қазақстанның және Орталық Азияның мәдениеті мен тарихын білу таным деңгейіңді арттырады. Бұл жаһандық тарихты білу үшін өте маңызды.

«Ұлы дала мұрасы» саналатын Алтын адамды енді бүкіл әлем танитын болады. Деректі фильмнің эфирге шығуы да оны насихаттаудың бір жолы.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы