352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қытайда «Ұлы Дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» атты көрме ашылады

  • 234
Қытайда «Ұлы Дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» атты көрме ашылады

2018 жылғы 12 шілдеде Қытай елінде ҚР Ұлттық музейі мен Шэньси Тарих музейі халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» көрме жобасын жүзеге асыру аясында шетелдік аудиторияға Еуразия көшпенділерінің мәдениеті мен өнерін таныстыратын «Ұлы Дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» атты бірегей көрмесі ашылады, деп хабарлайды Елорда инфо ҚР Ұлттық музейінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Алтын адам» түсінігі тарих ғылымында атақты археолог ғалым, қазақстандық археологияның негізін қалаушылардың бірі Кемал Ақышевтің арқасында пайда болды. Толықтай алтыннан киім киген сақ жауынгері – бірінші «Алтын адам» табылған Қазақстанның оңтүстігіндегі Есік қорғанында зерттеу жүргізген осы кісі болатын. Баға жетпес қазына ғасыр жаңалығы ретінде танылып, шартты түрде «Алтын адам» деп аталды.

Қорғаннан жауынгердің киімін сәндеген барлығы 4800 алтын бұйым табылды. Бұл бұрын-соңды табылған қорғандар ішіндегі Мысыр перғауыны Тутанхамон қабірінен кейінгі ең көп алтын әшекейлер болатын. Қорымдағы заттардың топографиясы: зерттеушілер жерленген жауынгердің салтанатты сауыт-сайманын, темір қылышы мен қанжарының қалдықтарын тер төгіп зерттеу нәтижесінде сақ жауынгерінің келбетін жаңадан жасап шықты. Парсы тілінен аударғанда «Сақтар» қазақтардың өте ертедегі бабалары «алып ерлер» дегенді білдіреді. Грек авторларының шығармаларында оларды азиялық скифтер десе, енді бір ежелгі деректерде оларды «ұшқыр атты турлар» деп бейнелеп сипаттаған. Осы тайпалардың үлкен үш тобының қатарында «Алтын адам» жерленген Есік қорғаны табылған аймақта тұрған сақ-тиграхаудтар («шошақ бөріктілер») бар болатын.

Есік қорғанынан табылған заттар арасында руна жазумен жазылған жазбасы бар күміс тостағанның орны ерекше. Бұл ежелгі жазба ескерткіш осындай өнімдерді жасаған қоғамның сол уақыттағы басқа халықтардың қоғамдық құрылысының даму деңгейінен қалыспайтын, әлде қайда жақсы дамыған қоғам екенін дәлелдейді.

Ежелгі дала өнерінің маңызды ерекшелігі саналатын зооморфтық бейнелердің басымдығы да мифологиялық ойлау өлшемдерімен белгіленеді. Мұның сюжетінің драматизмі жақсылық пен жамандықтың күресі, жарық пен қараңғының бастауы ретінде, жаңа өмірдің жасалуы ретінде, қарама-қайшылықтардың мәңгілік қозғалысының және мәңгілік күресінің символы ретінде түсіндіріледі. Осындай қарама-қайшылықтың айқын үлгісі ретінде көрмеге ұсынылған алтыннан қалыптау және бедерлеу техникасымен жасалған бірін бірі дәл қайталайтын қос барыс түріндегі айылбасты айтуға болады.

Экспозицияланатын коллекция тізімінде XV ғасырдың (Оңтүстік Қазақстанның Сайрам қалашығы) басына тән деп белгіленген зергерлік өнердің бірегей туындылары, сол сияқты Орталық Қазақстандағы Талды–ІІ қорғанынан табылған жәдігерлер де (ж.с.д. VII ғ. ортасы және 2-жартысы) бар.

2012 жылғы сәуірде тарих ғылымдарының докторы, профессор М. Сыздықовтың басшылығымен Батыс Қазақстан облыстық тарих және археолгия орталығының археологиялық отряды Теректі ауданындағы Тақсай-І кешенінде зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде табылған ақсүйек сармат әйелі (ж.с.д. VI ғ. соңы – V ғ. ортасы ) киімінің реконструкциясы да таныстырылатын болады. Қорымнан барлығы 500-ден астам әртүрлі алтын әшекейлердің фрагменттері табылған болатын.

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі қорларынан ұсынылған алтын заттардың аз ғана бөлігі - Еуразия дала мәдениеті мұрасының өзіндік ерекшелігін көрсететін бұрынғының атаусыз шеберлерінің туындылары олардың көркемөнер дәстүрлерінің үздіксіздігін тағы да бір рет дәлелдейді.

Хабар 24 телеарнасы