352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оралдағы «Рухани жаңғыру» музейі ашылғалы 6 жарым мың адам тамашалаған

  • 218

Оралдағы «Рухани жаңғыру» музейі ашылғалы бері оны 8 айда 6 жарым мың адам тамашалап үлгерген.

Айта кетейік, демеушілердің қолдауымен салынған нысан былтыр Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында пайдалануға берілген еді. «Соңғы жылдары Қазталов, Шыңғырлау және Зеленов аудандарында да жаңа мұражайлар жұмысын бастады. Ендігі міндет – музей ісінде жаңашыл жобаларды молынан енгізу», – дейді мамандар.

«Рухани жаңғыру» музейі орналасқан ғимарат ХІХ ғасырдың соңында мавритандық стилде салынған. Төрт бірдей экспозициялық залдан тұрады. Бірінші залда Қазақстанның киелі жерлерінің тізіміне өңірімізден енген 7 нысанмен танысуға болады. Келесі бөлім ұлттық баспасөз тарихынан сыр шертеді.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

– Бұл музей «Рухани жаңғыру» аясында елімізде тұңғыш ашылған нысан болып табылады. Мұнда құнды жәдігерлер баршылық. Мәселен, мына морзе телеграф аппараты кезінде тарихи тұрғыда әспеттеліп келген Қазан төңкерісінің жеңісі тура оралдықтарға алғаш рет ақпарат таратқан екен.

Музейде азаттықты аңсаған қайраткерлер өмірінен сыр шертетін міметтер де жеткілікті. Ал Тәуелсіздік табыстарымен таныстыратын төртінші зал егемен елдің елордасы Астана мен Орал қаласының бүгінгі жетістіктерін баяндайды. Музей қорында 500-ге жуық құнды жәдігер бар. Олардың дені археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған.

Айгүл Тілесова, қала тұрғыны:

– «Рухани жаңғыру» музейінен алған әсерім ұшан-теңіз. Өйткені біздің батыс өңірі тарихи тұлғалардың, ақын-жазушылардың, батырлардың туған өлкесі болып саналады. Біз өзіміздің Орал өңірін мақтан тұтамыз. Және осы мұражайға келгендегі алған ең үлкен әсерім – ол тарихи жәдігерлердің сақталуы, яғни түпнұсқалардың болуы.

Ендігі міндет – құнды жәдігерлерді көпшілікке қолжетімді ету. Өйткені, экспонаттардың барлығын бірдей көрмелерге қою мүмкін емес. «Көпшілігі музей қорында жылдап жатып қалатыны рас. Бұл олқылықтың орнын толтыру  үшін цифрландыру жүйесін енгізу қажет», – дейді сала басшылары.

Қадырболат Мұсағалиев, облыстық мәдениет басқармасының басшысы:

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша музейлерді цифрлық форматқа ауыстыру туралы тапсырма түсті. Биыл облыстық бюджеттен арнайы қаржы бөлініп отыр. Осы салаға цифрландыру аппаратын біз күзге дейін аламыз деген жоспардамыз. Сол қымбат аппаратты алғаннан кейін экспонаттарды, құнды дүниелерімізді цифрлық форматқа ауыстыру мәселесін дұрыс жолға қоямыз деп ойлаймыз.

«Музалар мекені.» Музей сөзінің грек тілінен аударғандағы мағынасы осыған саяды екен. «Елдің өткеніне қатысты небір жауһарлар жинақталар орын талапқа сай болса, тарихымызды түгендеуге қомақты үлес қосар еді», – дейді музей мамандары.    

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы