USD 329.97 EUR 388.07 РУБ 5.6

+7 7172 553 642 | 24kz@khabar.kz

      


Таразда Халықаралық туристік форум өтіп жатыр

  • 349
  • Бейне
  • Материалды бағалаңыз
    (0 бағалау)
Таразда Халықаралық туристік форум өтіп жатыр

Тараз қаласында 350-ден астам шетелдік және отандық маманның қатысуымен Халықаралық туристік форум өтіп жатыр.

Бұл Қазақстанның туризм саласындағы компанияларына Еуропа, Қытай, Түркия, Орталық Азия және өзге де елдердегі әріптестерімен пікір алмасып, тәжірибесімен танысуға мүмкіндік береді.

Форумның басты мақсаты – елімізге келетін туристер санын арттыру. «Ол үшін бірінші кезекте Қазақстандағы тарихи-мәдени нысандардың жарнамасын жақсарту керек», дейді шетелдік меймандар. Өткен демалыс күндері Жамбыл өңірінің туристік жерлерін арнайы аралаған қонақтар аймақтың бұл саладағы әлеуеті жақсы деген баға берді. Тек ақпараттық насихатқа көбірек көңіл бөлінсе болғаны. Екіншіден, қызмет көрсету орындарын көптеп ашу қажет. Бұл ретте әсіресе тамақтану бекеттерінде жергілікті өнімдерге басымдық берілуі тиіс. Форум аясында тұрақты туризмді дамыту үшін Қазақстанның мәдени және табиғи мұраларының жағдайы, экологиялық туризм, аймақтарды халықаралық нарықта позициялау мәселелері де сөз болды.

Сергей Пидмогильный, Белсенді және экологиялық туризм ассоциациясының басқарма басшысы (Украина):

– Қазақстанның табиғаты тамаша, сондықтан экотуризм сіздерде жақсы дамиды деп санаймын. Табиғи қорықтар, көлдер мен шатқалдарда көретін нәрсе көп. Әсіресе петроглифтер, бұрынғы заманнан хабардар ететін мекендер баршылық. Сондықтан Қазақстанда туризм саласының болашағы зор деп есептеймін. 

Басқосуда Ұлы Жібек жолы бойындағы туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Қатысушылар бұл бағытта Қазақстанда көптеген нысанның бар екендігін атап өтуде. Форум аясында бірқатар шетелдік компания мен ұйымдар және еліміздің мекемелері арасында меморандумдарға қол қойылды. Келісімдерге сәйкес қос тарап өзара ынтымақтастықты бекіте түспекші. Сондай-ақ бірнеше мемлекеттің елшілерімен де кездесулер болып өтті. Онда туроператорларға жағдай жасау және өзара қарым-қатынасты нығайту мәселелері сөз болды. Форум жұмысы ертең аяқталады. Бағдарлама бойынша түс ауа мастер-класс, кездесулер мен түрлі талқылаулар өтеді. 

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз
back to top