352.90 417.80 5.31
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-да көмірге сұраныс күрт артып отыр

  • 135

Шығыс Қазақстанда халықтың көмірге деген сұранысы күрт артып кетті. Өскемендегі  отынды жеткізу кәсіпорны тұрғындардың күнделікті өтініштерін орындап үлгермей жатыр.

Жыл басынан бері 80 мың тонна қатты отын сатылыпты. Ал осы шілде айының өзінде 30 мың тонна көмір өткізілген екен. Бұл соңғы 14 жылда болмаған көрсеткіш дейді кәсіпорын өкілдері. Облыс басшылары болса, «өңірде  өткен жылғы көмір тапшылығы қайталанбайды» деп сендіріп отыр.

Өткен қыстағы көмір тапшылығы көпшіліктің есінде. Тіпті  ақпан айында отын бір қолға 2 тоннадан артық берілмеді.

Биыл көмірді жеткізуші кәсіпорнының өкілдері бұл жағдай қайталанбайды деп отыр. Өйткені жұрт әзірлікті ерте бастапты.

Иван Тимофеев, көмір қоймасының директоры:

- Осы биыл тұрғындардың қысқа қам жасауы ерекше болып тұр. мінеки осы шілдеде 30 мың тоннаға жуық көмір сатылып кетті. Барлығы өткен қыстағыдай көмір таппай қаламыз ба деп алаңдайды. Сондықтан жұрттың белсенділігі жоғары. 

Шіліңгір ыстықта шыңылтыр аязға қам жасағандардың бірі Борис Печеницын. Қорасына 5 тоннаға жуық отын жиып алды. Енді суық маусымды жылы жерде қарсы алады.

Борис Печеницын, қала тұрғыны:

- Өткен қыста жағдайың қиын болғаны рас,көмір тапшылығы байқалып халық әуреге түсті. Биыл міне ерте қамданып қорамызды көмірге толтырып алдық.Әйтпесе жағдай тағы да ушығып кетуі мүмкін ғой.

Сала басшыларының айтуынша, мектеп, аурухана сынды әлеуметтік нысандарды ертерек көмірмен қамту сұрағы да оңтайлы шешіліп жатыр.

Мұрат Мұсатаев, энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

- Қаржыландыруды біз мамыр маусым айының басынан бастап өзгерткенбіз, маусым шілде айында сатып алулар басталды, әркім өз мектеп, білім, денсаулық сақтау мекемелері өз-өздерін дайындап жатыр. Былтырғыдай болмайды.

Дегенмен, биыл көмір бағасы да былтырғыдай емес. Өскен. Бұның белгілі себептері де бар көрінеді. 

Сергей Денякин, әлеуметтік көмір жеткізуші:

- Қазір нарықтағы баға 8800 теңге болып тұр. Оның қымбаттауын темір жол тасымалы тарифінің өсуі сияқты түрлі себептермен түсіндіріп жатыр. Дегенмен, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға арналған көмір бағасының тоннасы 8350 теңге.

Қазір көмір тарататын кәсіпорын басындағы жұмысты бақылау үшін арнайы мониторингтік топ құрылды. Олар бұл жерге күніне екі рет келіп қанша вагон көмір келгенін санап,кесте бойынша сатылуын қадағалайды. Егер отынды жеткізу барысында кідірістер болса, оны шешуге ат салысады. Айта кету керек, жалпы биыл қыста өңірдегі көмір қажеттілігі 2 миллион 400 мың тонна. 

Авторлары: Э.Ахметова, Д.Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы