352.90 417.80 5.31
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алтайға аттанатын экспедицияны экстримге толы күндер күтіп тұр

  • 155
Алтайға аттанатын экспедицияны экстримге толы күндер күтіп тұр

«Ұлы дала еліне саяхат» жобасы шеңберінде Алтай тауына аттанатын экспедиция тобын 12 күндік экстремалды саяхат күтіп тұр.

Шетелдік және отандық блогерлер мен журналистер және туроператорлардың өкілдерінен құралған туристер 2 жарым мың шақырымды жүріп өтеді. Сапарын Бұқтырма су қоймасының Көгілдір шығанағынан бастайтын саяхатшы топ жол-жөнекей Қатон-Қарағай ұлттық саябағы мен Берел қорымына соғады. Ашық аспан астындағы мұражай іспеттес мекенде тастан қаланған 70-ке жуық қорған бар. Экспедиция қатысушылары теңіз деңгейінен 1 мың 685 метр биіктіктегі мұздықтардың қатпарында орналасқан Қаракөлге де барады. Аумағы ат шаптырым тереңдігі 10 метрге жететін тұнық айдын бетіне түскен Мұзтау шыңының таңғажайып бедерін көру де талайға арман. Одан әрідегі Көккөл сарқырамасына жету үшін саяхатшылар сегіз сағат бойы атпен балқарағайлы шырша көмкерілген шатқалды шарлайды. Сөйтіп аттылы туристер ит тұмсығы баптайтын ну орманның ортасына жайғасқан Марқакөлден бір шығады. Әрі қарай Тарбағатай асып, соңғы нүкте Алакөлге жетіп жығылатын экспедиция мүшелері туристік карта әзірлеуге кіріседі. Даяр болған жол сілтегіш бағдар баспасөз беттеріне басылып, телекөрсетілім арқылы да көпшілікке таныстырылады.

Дәурен Раптаев, экспедиция жетекшісі:

- Экспедиция мақсаты - ол нысандардың жағдайын, жолдарын, инфрақұрылымын көру. Зерттеп, соның бәрін бақылап, нәтижесінде жақсы қорытынды шығарып, сол бағытта жұмыс жасау. Қалай дамыту керек, туристерге қандай инфрақұрылым керек, сондай сұрақтарды шешу керек.

Хабар 24 телеарнасы