356.54 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бауыржан Байбек: Алматы үлкен автотұраққа айналып кеткен

  • 179

Биыл Алматы қаласының 80 мектебінде 10-11 сынып оқушылары биология, химия, физика және информатика пәндерін ағылшын тілінде оқитын болады.

Бұл туралы шаһардағы білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесінде айтылды. Аталған жоба пилоттық режимде былтыр қолға алынып, 27 мектеп төрт пәнді ағылшын тілінде үйретуді бастап кеткен еді.

Тамыз кеңесі жылдағы дәстүрге сай Республика сарайында өтті. Жақсылып тынығып қайтқан ұстаздардың көңіл-күйінен сүйікті кәсібіне деген сағыныш байқалады. Алда тоғыз ай қажырлы еңбек күтіп тұр. Өткен оқу жылындағы жетістік аз емес. Оған лайықты қаржылай қолдау септігін тигізген.

Бауыржан Байбек, қала әкімі:

- Қалада білім алуға қажетті жағдайдың барлығы жасалуда. Соңғы бес жылда білім саласын қаржыландыру 27 миллиард теңгеге немесе 37%-ға өсті. Биылғы бюджет 72,5 миллиард теңгеге жетті. Біз жыл сайын білім инфрақұрылымын дамытуға да ерекше көңіл бөліп келеміз. Биыл жаңа мектеп құрылысы мен күрделі жөндеуге 17 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.

Жаңа оқу жылында Наурызбай ауданында 1200 орындық мектеп-гимназия ашылады. Білім ошағында ерекше балалардың білім алуына да барлық жағдай жасалған. Тамыз кеңесінде мектеп пен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты күшейту мәселесі де баса айтылды.

Бауыржан Байбек, қала әкімі:

- Ата-ана мен мектеп әрқашан тығыз байланыста болып, бірлесе әрекет етуі тиіс. Баланың 6-7 сағат уақыты ғана мектепте, ал қалған уақытын үйінде, отбасында өткізеді. Баланың болашағына толғанар, ойланар отбасы болса, оның бойына ата-бабамыздан қалған құндылықтарды дарытып өсірсе, әлбетте, еліміздің болашағы зор болмақ.

Алматы қаласындағы білім саласының дамуына тамыз кеңесіне қатысқан депутаттар да оң бағасын берді.

Гүлмира Исимбаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:

- Осы жылдар ішінде жаңа мектептер ашылып, уақыт талабына сай жаңа технологиялық-инновациялық әдістер енгізіліп білім беруде жаңа бағыттар анықталып, электронды оқыту жүйесі енгізілуде.

Тамыз кеңесінде Алматы әкімі қаланың болашақ дамуына да тоқталып өтті. Алматы аймақтық магнит іспеттес. Өмір сүруге, бизнес ашып, білім алуға қолайлы қала. Сол себепті, халық саны артып, бала туу көрсеткіші өсіп отыр. Оған дәлел – республика бойынша беріліп жатқан баспананың 48%-дан астамы Алматының еншісінде. Елбасының «7-20-25» бағдарламасы аясында пайдалануға берілетін үйлердің 50%-ға жуығы Алматыда салынып жатыр. Тек соңғы үш жылда инвесторлардың қаржысына 71 балабақша салынады.

Бауыржан Байбек, қала әкімі:

- Елбасының бес әлеуметтік бастамасы бойынша университет пен колледж студенттерін жатақханамен қатамасыз ету мәселесі де шешілуде. Былтыр 2 мың орындық 4 жатақхана салынған. Ал алдағы үш жылда тағы 37 жатақхана бой көтереді. Қазір жетеуінің құрылысы жүріп жатыр. Оның төртеуі осы жылдың соңына дейін беріледі.

Адам санасының өзгеруіне алған білімімен қатар қоршаған ортасы да ықпал етеді. Соңғы жылдары Алматыда «қала адамдар үшін» деген қағида салтанат құрып тұр. Тұрғындардың жүріп-тұруына, демалуына қолайлы жағдай жасалуда. Қоғамдық көлік қызметі де жөнге келтіріліп жатыр. Орталық аудандармен қатар қалаға кейін қосылған Алатау және Наурызбай аудандарында да модернизациялау жұмыстары жүргізілуде.

Бауыржан Байбек, қала әкімі:

- Қала үлкен автотұраққа айналып кеткен. Соңғы 20 жылда халықтың жағдайы артып, көлік саны 10 есе өсті. Бір жағынан жақсы, әрине. Бірақ екінші жағынан көліктер адамдарды жайлы орнынан ығыстырып жіберді. Таза ауамызды ұрлап алды. Бүгін біз бұл жағдайды жүйелі түрде өзгертіп жатырмыз.

Алматы келбетін өзгертуде шет мемлекеттерде кездесетін «Мәдени интервенция» тәжірибесі де қолданылып отыр. Мысалы қаланың әр бөлігінде 16 арт-нысан қойылған. Соның бірі – Алматы тиіні. Қала әкімі Бауыржан Байбек жобаға жұмсалған қаржы әлдеқашан өтелгенін айтты. Тиін туралы әлемнің беделді телеарналары мен басылымдарында сөз қозғалып, туристердің Алматыға деген қызығушылығы арта түскен. Туризм демекші, Көкжайлау жобасының да әлеуеті мол. Тұрғындардың тілектерін ескере отырып жасалған жаңа жоба табиғатқа зиян келтірмейді. Дегенмен, қала әкімі бұл жөнінде әлі де қоғамдық тыңдаулар болатынын және алматылықтар қолдау білдірмесе, жобадан бас тартатынын да жеткізді.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы