369.54 425.20 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Денис Теннің қазасына байланысты: Талантты ұлды сақтай алмағанымыз өкінішті

  • 226
  • UPD: 13:52, 20.07.2018

Белгілі саясаткерлер, даңқты спортшылар және қарапайым қала тұрғындары марқұм Денис Теннің шаңырағына барып, көңіл айтып жатыр.

Қайғыға ортақтасып, қабырғасы қайысқан жұрт Денис Теннің өлімі есеңгіреткенін айтуда. Ал тәртіп сақшылары күдікке іліккен екінші адамды әлі де іздестіріп жатыр. Осы күні оның нақты кім екені белгілі болған.

Үлбір үміті үзілген спортшы соңғы күндері Алматыдағы «Халық арена» мұз кешенінде жаттығып жүрген. Соңынан ерген жас мәнерлеп сырғанаушыларға ағалық пейілін танытып, бар білгенімен бөлісіп тұратын. Қазір қанды қылмыс болған жерге қала тұрғындары сәт сайын келіп, гүл шоқтарын қойып жатыр. Осылайша, даңқты спортшының рухына тағзым етуде.

Дәурен Берікқажыұлы, тұрғын:

– Талантты ұлды сақтай алмағанымыз өкінішті.

Бақытгүл Искенова, тұрғын:

– Бұл қаза бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Қош бол ботам. Сенің отбасыңа қайғырып көңіл айтамыз.

Дастан Сейілханұлы, тілші:

– Осыған дейін Денис Теннің өліміне қатысы бар бір адамның қолға түскенін хабарлаған едік. Ол – 24 жастағы Жамбыл облысының тумасы. Қазір полицейлер оны қамауға алып, тергеп жатыр. Ал екінші күдікті әлі де іздестірілуде.

Ізбасар Бектұров, Алматы қаласы ІІД басшысының орынбасары:

– Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде және куәгерлердің берген мәліметі бойынша, оқиға орын аумақтағы сыртқы бейнебақылау камераларының зерделенуі нәтижесінде күдіктілердің жеке бастары анықталды. Күдікті ретінде олардың біреуі Жамбыл облысында 1994 жылы туған Қиясов Нұралы Дәулетбекұлы ұсталып, уақытша тергеу изоляторына тоғытылды. Қорғаушылардың қатысуымен ол өз кінәсін толық мойындады.   

Дастан Сейілханұлы, тілші:

– Екінші күдіктінің кім екені белгілі болғанын айтқым келеді. Ол Қызылорда өңірінің тумасы – Арман Құдайберген. Қазір осы күдіктіні тұтқындау үшін қалада жедел-тергеу тобы құрылған.

Хабар 24 телеарнасы