352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ӘЧ-2018: Франция Уругвайды ұтып, жартылай финалға жолдама алды

  • 167
ӘЧ-2018: Франция Уругвайды ұтып, жартылай финалға жолдама алды Спорт-Экспресс

Нижний Новгород қаласында ширек финалда Уругвай мен Франция командалары жасыл алаңға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осыған дейін қос құрама өзара сегіз мәрте кездессе, соның үшеуінде уругвайлықтар жеңіске жеткен екен. Бір ойында француздардың мерейі үстем болып, төрт матч тең аяқталған. Дегенмен солардың бәрінен бүгінгі бәсекенің бәсі жоғары еді.

Аргентиналық Нестор Питана төрелік еткен кездесуде Уругвайдың бас бапкері Оскар Табарес мына ойыншыларына сенім артты: Фернандо Муслера (қақпашы), Хосе Мария Хименес, Диего Годин (капитан), Мартин Касерес, Диего Лаксальт, Наитан Нандес, Лукас Торрейра, Родриго Бентанкур, Матиас Весино, Луис Суарес, Кристиан Стуани. Португалиямен ойында жарақат алып қалған уругвайлықтардың сұрмергені Эдинсон Каванидің орнына К.Стуани шықты. Мұның Уругвай құрамасының шабуыл шебін әлсіреткені байқалып тұрды.

Францияны жаттықтыратын Дидье Дешам уругвайлықтарға сыралғы шәкірттерін қарсы қойды: Уго Льорис (қақпашы әрі капитан), Люка Эрнандес, Самуэль Умтити, Рафаэль Варан, Бенжамен Павар, Нголо Канте, Поль Погба, Корентен Толиссо, Антуан Гризманн, Килиан Мбаппе, Оливье Жиру.

Бірінші болып қақпаға қауіпті француздар төндірді. 15-минутта оң қанаттан берілген пасты Жиру Мбаппеге жылжытты, Килианның соққысы қақпадан асып кетті. Бірінші тайм соңына таман Бентанкур Толиссоға қарсы тәртіп бұзып, ескерту алды. Антуан Гризманның бағыттаған айып добын Рафаэль Варан 40-минутта баспен қақпаға енгізді – 1:0. Төрт минуттан кейін уругвайлықтар есепті теңестіріп кете жаздады. Касерестің соққысынан кейін Льорис өз қақпасын аман алып қалды. Екінші таймда Уругвай құрамасы алға ұмтылғанымен, 61-минутта Фернандо Муслера Гризманның алыстан тепкен соққысын қайтарамын деп, өз қақпасына енгізіп алды – 2:0. Бұдан соң Оскар Табарес шәкірттерінің ойыны оңала қойған жоқ. Одан гөрі француздардың есепті еселейтіндей мүмкіндіктері болды. Осылайша Франция Уругвайды 2:0 есебімен ұтып, жартылай финалға жолдама алды. Бұл – франциялықтар жүлделі орындар үшін таласады деген сөз.

Айта кетейік, Франция 10 шілде күні Санкт-Петорборда Бразилия – Бельгия жұбының жеңімпазымен финалға берілер жолдаманы сарапқа салады. 

Хабар 24 телеарнасы