Бүгін Үрімшіде халықаралық туристік жәрмеңке басталды. Шара аясында Астана ЕХРО-2017 көрмесінің таныстырылымы өтті. Күллі әлем көз тіккен Қазақстандағы ЕХРО туралы қытайлық кәсіпкерлер мен туристер толыққанды ақпарат алып, көрмеге қатысуға қызығушылықтарын білдіріп жатыр. Сонымен қатар отандық туроператорлар туристерге өз бағдарламаларын ұсынды. Халықаралық туристік жәрмеңке кезекті рет биыл шымылдығын түрді. Туризм саласында тамырын тереңге жіберіп, нарықта орныққан түрлі ел өкілдерінің басы бір алаңда қосылды. Мамандар пікір алмасып, елдеріне қонақ тартудың жайын айтысты. Үрімшідегі айтулы шарадан Қазақстан да қалыс қалмады. Жәрмеңкені ұйымдастырушы Қытай тарабы еліміздің туристік бағытына жоғары баға берді. Лиян Янвой, ҚХР Шыңжан автономдық ауданы туризм басқармасының өкілі: - Туристерді Қазақстанның ең алдымен табиғаты қызықтырады. Біз қазірдің өзінде сіздің елге түрлі тур ұйымдастырып жүрміз. Екіжақты байланысымыз одан әрі нығая түседі деген сенімдемін. Жәрмеңке аясында ЕХРО-2017 көрмесінің таныстырылымы өтті. Астанада келер жылы басталатын халықаралық көрме туралы арнайы бейнеролик көрсетілді. Қазақстан мен Қытай Ұлы жібек жолын жаңғырту бойынша бірлесіп, бірқатар істі атқарып келеді. ЕХРО-2017 Ұлы жібек жолындағы туризмді дамытуға тың серпін бермек. Роза Асанбаева, «Астана ЕХРО-2017» ҰК Ілгерілету және туризм департаменті директорының орынбасары: - Ұлттық компанияның алдында үлкен міндеттер тұр. Әртүрлі елдерден барынша көп турист шақыруымыз қажет. Бұл қадам арқылы халықаралық көрме үлкен маңызға ие болады. Бастысы, Қазақстандағы туризм дамудың жаңа сатысына көтеріледі. Қазақстандық туроператорлар да жәрмеңкенің бел ортасында жүрді. Қытайлық әріптестерімен тығыз байланыс орнатып, ұсыныс пен сұранысты таразыға салып, елімізге турист тартудың жайын талқылады. Медет Аманжол, туристік компанияның өкілі: - Қытай туристері көп келгенін қалаймыз. Ұлы жібек жолы арқылы елімізді таныстырсақ деген ойымыз бар. 2017 жыл Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы болып белгіленді. Көрші елдің азаматтарына виза алуға жеңілдік қарастыратын келісімге осыдан 2 жыл бұрын қол қойылған болатын. Сол себепті, Қазақстанды көруге құлшынған қытайлық қонақтардың қатары белсенді түрде артып келеді. Авторлары: Асқарбек Қазанғап, Ерсін Мұхамбеталин