«Аңсаған сәби». 20 мың әйелдің 8 мыңнан астамы жүкті болды

Елімізде жасанды жолмен дүниеге келген сәбилердің саны 5 мыңнан асты.

Балалы болу бақыты «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы жүзеге асқан. Бұл жоба бойынша жыл сайын 7 мың квота беріледі. Бірақ бағдарлама тек 2025 жылға дейін іске асады. Мамандар оның шектеулі мерзімін 2030 жылға дейін ұзартуды сұрап отыр.

Жалпы қазір бағдарлама қалай іске асып жатыр?

Роза Батырованың жасы 40-қа жақын. 17 жылдан бері сәби сүюді армандап келеді. Дүниеге бала алып келу үшін 2 рет экстрокорпоралды ұрықтандыру процедурасын қабылдаған. Алайда нәтиже болмады. Тек биыл, үшінші процедурада, ұрық жатырына бекіді.

Роза Батырова, қала тұрғыны:

- 20 жасымда тұрмысқа шыққанмын, 17 жылдан бері. Балаларымыз болмады. Екінші ЭКО-дан кейін маған гистероскопия деген операция жасатты. Содан 2 айдан кейін ЭКО салды. Ауыр болады ғой енді, үшінші қайталау, әр сәтсіздіктен соң стресске түсесің.

«Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылғалы бері 20 мың әйел жасанды ұрықтандыру қызметін алған. Олардың 8 мыңнан астамы жүкті болды. Ал «өзін аңсатқан» 5 мыңнан астам сәби кедергісіз дүниеге келді.

Алмагүл Ахметова, Қазақстан репродуктивті медицинасы қауымдастығының вице-президенті:

- Біз бүгін тек әйелдердің емес, ер азаматтардың да бедеулігі бар екенін нақты айтуымыз керек. Оның негізгі факторлары көп. Қазір «Аңсаған сәби» бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Ұрықтандыру процедурасын жасамас бұрын, ерлі-зайыптылар медициналық тексеруден жіті өтеді. Мәселен оларда артық салмақ болса – арылтамыз, тамақтану кестесін реттейміз. Барлық кедергі болатын факторға шара қолданамыз.

Елімізде әрбір алтыншы отбасылық жұп – бедеу. Бұл ресми статистика. Дәл осы диагнозбен бүгінгі күні 15 мың ерлі-зайыпты есепке алынған.

Қазір экстракорпоралды ұрықтандыру процедурасын жасау қазақстандық дәрігерлер үшін аса қиын емес. Бүгінде елімізде 20-дан астам арнайы ұрықтандыру орталығы бар. Онда эмбриология және генетика бойынша заманауи құрылғылар жұмыс істеп тұр.

Әйгерім Абшекенова, акушер-гинеколог, репродуктолог:

- Қазақстан Республикасында репродуктивті технологиялар деңгейі басқа еуропалық немесе америкалыққа қарағанда төмен деп айта алмаймыз. 35 жасқа дейін пациенттер бізге келетін болса, кем дегенде 3/1 бағдарламасы сәтті аяқталады. Ал 30-дан жоғары, 40-45 жастағы пациенттерге бағдарлама саны өсе береді. Сондықтан нақты бір пациентке қанша бағдарлама жасау керегі, ол ерекше ұғым. Бірақ онша қатты ағзаға зияны жоқ.

Елімізде алғаш 28 жыл бұрын экстракорпоралды ұрақтандыру зертханасы ашылды. Содан бері 22 мыңнан астам бала дүниеге келген.