Қазақ оркестрі Тбилиси төрінде өнер көрсетті
Жас музыканттардан жасақталған қазақстандық симфониялық оркестр гастрольдік сапарын Грузияда жалғастырды.
Өнер ұжымы Тбилиси мен Батумиде концерт беріп, гүржі халықының қошеметіне бөленді.
Қазақ оркестрі Грузияда классикалық музыкаларды ғана емес, әйгілі мультфильм және фильмдердің де саундтрегін нақышына келтіре орындады. Сондай-ақ концертте италиялық белгілі композитор әрі пианиношы Людовико Эйнаудидің композициялары ойналды.
Шолпан Манкеева, скрипкашы:
- Мен классикалық музыкантпын, жылдар бойы симфониялық оркестрде жұмыс істедім. Мұндай бағыттағы шығармашылық кешті алғаш көруім. Бұл кеште классика ғана емес, түрлі жанрдағы ерекше әуендер орындалды. Мен үшін үлкен тәжірибе болды.
Негізі бұл оркестрдің құрамында жүзге жуық музыкант бар. Бірақ гүржі еліне 7 әртіс барған. 19 жастағы Дияр - ең кішісі.
Дияр Бабаев, пианиношы:
- "Nightbook" әуені маған тұңғиық даладағы жүйрік жылқылардың шабысын елестетеді, ерекше әсер сыйлайды. Ал "Divenire" туындысында әуеннің ритмі, қарқыны сәт сайын өзгеріп отырады. Динамикасы да айрықша. Сондықтан бұл музыканттар үшін тартымды шығарма.
Шығармашылық топ қыркүйекте Грузияның 3 қаласында концерт қойған еді. Бұл жолғы өнер сапары да табысты болды. Көрермендер дән риза.
Блиц:
- Бәрі тамаша! Қатты ұнады. Әсіресе, барабандағы жігіттің өнеріне тәнті болдым.
- Керемет ұжым! Әуезді әуеннен жанды баурап, ерекше әсер сыйлайды. Тіпті көзімізге жас келді. Фильмдерден орындаған саундтректер ерекше.
Оркестрдің негізі қаланғанына 1-ақ жыл болған. Бірақ қазірдің өзінде біраз белесті бағындырып үлгерді. Грузиядан басқа Қырғызстан, Әзербайжан сияқты 5 елде 200-ге жуық кеш өткізіген.
Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Юлия Тужилкина