Зейнет жасын төмендетуге билік құлықсыз

Жауырды жаба тоқығанмен жараның беті жазылмайтыны анық. Зейнетке ерте шығу мәселесін халық бұрыннан қозғап келеді. Талай ұсыныс айтылды. Бірақ жауапты министрлік соның біріне де құлақ асқан жоқ. Бар айтары – біз  бұл жүйені өзгертпейміз. Мұртын балта шапса да мізбақпайтынға ұқсайды. Бүгінгі хабарға да Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдерін шақырған едік. Алайда студияға келіп сұхбат беруден үзілді-кесілді бас тартты. Бізге нақты не айтқанын хабар барысында міндетті түрде  естіртеміз. Солармен болған әңгімені телефонға жазып алған едік. Ал қазір зейнет жасын төмендету керек деп талай уақыттан бері үкіметтегілерге талмай талап қойып жүрген партия өкілін таныстырғым келеді. 

Ғазиз Құлахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

Бұл мәселе әлгінде де айттық, қоғамның жан жарасына айналған. Көшеде кетіп бара жатқан кез келген адамды тоқтатып сұрай қалсаңыз, барлығы зейнет жасын төмендету керек деген ойды құптайды. Ендеше билікте жүргендер бұған неге мойын бұрғысы келмейді? Көзі қарақты көрермен, сіздердің ойларыңызды білгім келеді. Экранда QR-код тұр ғой. Соны сканерлеп, пікір қалдыра аласыздар.

2027 жылға дейін қазақстандық әйелдердің зейнет жасына жарты жылдан қосылып отырады. Ал ерлер үшін ештеңе өзгерген жоқ – олар зейнет демалысына бұрынғыдай 63 жаста шығады. Зейнет жасын арттырудың бірінші кезеңі 2018 жылы басталғанын еске салайын. Былтыр әйелдердің зейнет жасы 60 болса, биыл 60 жарым жасқа жетті. Яғни алпыстың бел ортасына келген әйелдер қазір зейнетке шығып жатыр. 

Қарттық дендей бастаған кезде әрбір адам өмір бойы тартқан бейнеттің зейнетін көргісі келеді. Мұны бәріміз қалаймыз. Бірақ нақты талап қойып, министрлердің соңына түсіп, тырқыратып қуып жүргендер санаулы ғана. Мен ашынған аналарды айтып отырмын. Сол кісілердің бірін сөзге тартқым келеді. Елорда тұрғыны Кенжеғайша Сембаева қазір тікелей байланыста.

Қазақстан – шахтерді жеңілдік берілетін кәсіп санамайтын жалғыз постсоветтік мемлекет. Өзге елдердегі әріптестеріне қарағанда қазақстандық шахтер зейнетке 10-13 жылға кеш шығады. Былтыр Қарағанды өңірінде кеншілер жұмылып, петиция жариялаған. Сол кезде осыны айтып еді. Бірақ арада 2 жыл уақыт өтті. Сең қозғалғанын әлі де байқамаймыз. Анық-қанығын Марал Жампейісовтен сұрап білейік. Ол кісі «Қазақстан шахтасы кәсіподағы» ұйымының басшысы.