Елде авиаотын жетіспейді
Сондықтан Қазақстан шетелден қажет көлемді импорттауға мәжбүр. Ал 2030 жылға қарай ішкі нарықты отандық өніммен толық қамту жоспарда тұр.
Бұл бағытта арнайы бағдарлама бекітілді.
Ол үшін зауыттар жаңғыртудан өтеді, тиісті инфрақұрылым жасақталады. Ал оған дейін жетіспейтін отынды шетелден импорттауға тура келеді.
Үкімет енді осыған дейін сатып алып келген ТС-1 маркасынан бас тартпақ. Оның орнына Jet-1 авиаотынын алуды көбейтпек.
Елде авиаотын тапшы. Қазіргі таңда отандық үш зауыт жылына 600 мың тоннадан астам отын өндіреді. Алайда сұраныс 1 миллион тоннаға дейін барады. Үкімет тапшылықты Ресейден импорттау арқылы жауып отыр. Яғни ТС-1 маркалы авиаотынды сатып алады. Енді отын түрлері көбеймек. Ол үшін Jet-1 отынын импорттамақ. Бұл – әлемдік стандарттарға сай өнім. Әлемнің 70-тен астам елінде қолданылады. Бірақ бұл өнімді Ресей өндірмейді. Сондықтан таңдау Қытай мен Түрікменстанға түсіп отыр. Жақын болғандықтан арадағы делдалдар азаяды. Тасымал шығыны аз. «Соның арқасында ішкі рейстердегі билет бағасы өзгермейді», - дейді сала мамандары.
Сәрсен Жарылғасов, ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары:
- Біз авиаотынды жақын нарықтардан экспорттауды жоспарлап отырмыз. Бұл жерде тасымал шығындарын ескеру керек. Өйткені алыстан әкелгеннің шығыны көп. Сондай-ақ жақыннан тасымалдасақ, ортадағы делделдардан құтыламыз. Мәселен, қазір Ресейден алып отырмыз. Ортада бірнеше делдал бар. Салдарынан тасымал шығыны да көбейіп отыр. Бұл билет құнына да әсер етеді.
Ішкі нарықта авиаотын қымбат
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында авиаотын бағасы қымбат екенін айтқан еді. Жарты жылдың ішінде мәселені шешуді тапсырды. Қазір авиаотынның ішкі нарықтағы көтерме бағасы тоннасына 850 долларға дейін барады. Ал бөлшек саудадағы құны 1200 доллардың шамасында.
Авиаотынды сақтау да қыруар қаражатты қажет етеді. Қазір елдегі отынның басым бөлігі Астана мен Алматыдағы әуежайларда сақталады. Ал Jet-1 маркасын сақтау үшін қосымша жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажет. Мамандардың айтуынша, отын түрі көбейсе, бағасы да арзандайды. Сонымен қатар Үкімет отандық өндірісті күшейту арқылы авиаотын тапшылығын жоюды көздеп отыр.
Сәрсен Жарылғасов, ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары:
- Авиаотынды өндіру туралы айтсақ, 2030 жылға қарай зауыттар қуатын арттыру жоспары бар. Соның арқасында жылына 1,5 млн тонна авиаотын өндіруге мүмкіндік туады. Кейінгі жылдары сұраныс артып келеді. Сонымен қатар нақты марка түрлерін көбейту керек. Қазіргі уақытта импортты түрлендіру бойынша тиісті жұмыс жүріп жатыр.
Былтыр 680 мың тонна авиаотын өндірілді
Былтыр елде 12 млн тоннадан астам мұнай өнімдері өндірілді. Энергетика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қаңтар-қараша аралығында 5 млн тоннаға жуық бензин тұтынушыға жол тартты. Сонымен қатар оның ішінде 4 млн 900 мың тонна дизель мен 1 млн 800 мың тонна мазут бар. Ал авиаотын өндірісі алдыңғы жылмен салыстырғанда 21 пайызға өсті. Яғни 680 мың тонна авиаотын өндірілді.
Сондай-ақ ішкі нарықта тапшылық туындамауы үшін Ресейден 1 млн тонна өнім импорттау көзделіп отыр. Мұның 285 мың тоннасы – бензин, 300 мың тоннасы – авиаотын және 450 мың тоннасы – дизель отыны.