Қ.Тоқаев атом станциясына қатысты пікір білдірді

2030 жылға қарай елде баламалы қуат көздерінің үлесін 15 процентке жеткізу керек. Президент жауаптыларға осындай міндет жүктеді. Біздікілер көздің жауын алатын жаңа станцияларды салуды біледі. Бірақ соны қолдануды, әрі қарай іліп әкетуді әлі күнге дейін үйренбеген. Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика саласында жүргендердің жұмысына осындай сын айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сосын елде бар жылу станцияларының тең жартысы әбден тозған.

Біздің ел энергияны көп тұтынады. Сұраныс та жылдан жылға артпаса, кеміген емес. Сұраныстан артық өндірілген электр қуаты таяу арада тіпті сарқылуы мүмкін.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазақстан – әлемде ең көп энергия пайдаланатын елдердің бірі. Біздің экономика Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдермен салыстырғанда энергияны 3 есе көп пайдаланады. Бұл ретте біздің ішкі жалпы өнім құрылымында қызмет көрсету секторының үлесі басым. Бұл өнеркәсіптік кәсіпорындардың негізгі қоры мен құрал-жабдықтары Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының және әлемдегі басқа да озық елдердің заманауи стандарттарына сай келмейді дегенді білдіреді. Өнеркәсібіміздің негізгі қорларын шынайы жаңғыртудың орнына, көбінесе көзбояушылық жасалады.

Тарифтердің қымбаттап кететін кездері бар. Үнемі бір деңгейде ұстап тұру мүмкін емес. Бағаның қалтаны қақпауы әлеуметтік тұрғыда маңызды мәселе. Әдетте тарифтерді қымбаттату мәселесі бастапқыда бизнес пен бюджеттік ұйымдарға жүктелетіні жасырын емес.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бұл тек нарыққа кері әсер етіп қана қоймайды, энергияны үнемдеп тұтынуға да еш пайдасын тигізбейді. Энергияны тиімді пайдалану және оны көп тұтынуды төмендету міндеті орындалмай отыр. Егер электр қуаты босқа ысырап болса, онда өте қымбат энергиялық тиімді материалдар мен құрал-жабдықтарды пайдаланудың не қажеті бар. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің басты қағидаты сақталмауда. Осындай келеңсіздіктің нәтижесінде, шын мәнінде, көмекке мұқтаж санатына жататын азаматтар қажетті көлемде жеңілдік алмайды.

Елде электр энергиясын беретін жаңа көздер жаңғыртылады. Кәсіпорындар іске қосылады. Осылай деген Президент Алматыдағы екінші ЖЭО тездетіп газға көшіру керек деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бұл мәселенің стратегиялық мәні бар. Алматы қаласының экологиясы және тұрғындардың тұрмыс сапасының жақсаруы аталған проблеманың шешілуіне байланысты. Сондықтан Үкіметке, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорына әкімдікпен бірлесіп, екінші ЖЭО-ны жаңғырту жобасына қатысты мәселені түбегейлі нақтылауды және оны жуық арада іске асыруды тапсырамын. Мұны одан әрі соза беруге болмайды.

 

Президент: Жылу станцияларының тең жартысы тозған

Әлемде өнеркәсіп пен экономиканы көмірге тәуелді қылмауға басымдық берілген. Мәселен, Еуропалық одаққа мүше елдерде парниктік газдардың қалдығын 2030 жылға қарай 55 процентке азайту жоспарлануда. 2023 жылдан бастап Еуропалық одақта көміртегіне салық енгізілмек. Бұдан өнімдерімізді экспорттау қиынға соғуы мүмкін. Себебі тауарларға қойылатын талаптар өзгереді. Сондықтан Президенттің тапсырмасымен бізде 2050 жылға дейін көміртегін аз пайдаланатын тұжырымдама әзірленіп жатыр. Сондай-ақ Үкімет Электр энергетикасын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны пысықтауда. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазақстанда негізгі энергия қуатын беретін нысандар, оның ішінде жылу станциялары 40 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Сарапшылардың мәліметіне сәйкес, олардың 50 проценттен астамы тозған. Бұл электр станцияларындағы технологиялық заң бұзушылықтардың артуына әкеп соқтырады. 2019 жылы 4010, 2020 жылы 4458 заң бұзушылық тіркеліп, оның өсім деңгейі 11 процентке артқан. Энергия көздеріне ауқымды техникалық аудит жүргізу қажеттігі туындап отыр. Біз энергия қуатын беретін станциялардың қай жерде және қашан іске қосылатынын немесе істен шығатынын, сондай-ақ олардың жөнделетін, жаңғыртылатын уақытын анық білуіміз керек.

 

Президент баламалы қуат көзінің үлесін көбейтуді тапсырды

Қазір баламалы қуат көзіне иек артатын заман. Біз де жаһандық көштен қалмайық десек, осы бағдарламаны барынша тиімді жүзеге асырғанымыз ләзім. Үкімет бұл бағытта қарекет қылып жатыр. Еліміз жалпы энергиядағы баламалы қуат көздерінің өсімін 3 процентке жеткізе алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бұған дейін біз бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 10 процентке дейін жеткізуді мақсат еттік. Жаңа жағдайларды және қазіргі оң қарқынды ескере отырып, электр қуатын беретін станциялардағы жаңартылатын қуат көздерінің үлесін 2030 жылға қарай 15 процентке дейін жеткізуді міндеттеймін.

Жеріміз кең. Сол кең жеріміз қуат көздеріне бай. Сондықтан еліміз келешекте жаңа энергетикада жетекші орнын сақтап қалуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жаңартылатын қуат көздері жобаларындағы қазақстандық өнімнің үлесі әлі де өте аз. Көздің жауын алатын жаңа станцияларды салуды үйреніп қана қоймай, жергілікті өндірісті, ғылым мен технологияны дамытып, білікті отандық кадрларды дайындау қажет. Әйтпесе, тарифтер арқылы төлем жасап, шетелдік тауарлар мен технологияларға бүкіл ел үлес қосады. Үкіметке жаңартылатын энергия көздері мен жалпы энергетика саласындағы озық халықаралық оқшаулау тәжірибесін мұқият зерттеп, пайдалануды тапсырамын.

Халық та ендігі жерде жаңартылатын қуат көздерін пайдалануы керек. Сондықтан Президент «ақылды» қалаларды дамыту аясында күн панельдері мен шағын станцияларды қолданудың пилоттық жобасын жүзеге асыруды ұсынды. Өзі таза энергетиканы және жалпы жасыл технологияны қолдайтынын айтты. Айтты да атом энергетикасына қатысты пікір білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев «атом энергетикасынан бас тарту қате» деген мамандардың пайымымен келісетінін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бүкіл дамыған әлем атом энергиясына иек артады. Бұл ретте үрейге бой алдыру орынсыз. Дегенмен, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын табанды түрде жүргізу қажет. Атом станцияларының құрылысын бастауға асықпаймыз, алайда бұл істі кейінге ысыруға да болмайды.

 

Президент: Білікті мамандар тапшы

Электр желілері компанияларының жұмысын да реттеу қажет. Мемлекет басшысы Үкімет пен облыстардың әкімдіктеріне жарық желілерін кезең-кезеңімен жаңарту үшін кешенді шаралар қабылдау тапсырды. Бұдан соң кадр мәселесі де өзекті екенін қосып айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазақстанда энергетика саласы бойынша маман даярлайтын 24 жоғары оқу орны болғанына қарамастан, электр монтерлері, жоғары вольтті желілерді жөндеушілер мен басқа да жұмысшы мамандар тапшы. Инженерлік-техникалық қызметкерлердің орташа жасы – шамамен 50 жаста. Оның үстіне бұл саладағы қызметкерлердің еңбекақысы да төмен. Соның салдарынан  2015-2020 жылдар аралығында кадрлардың тұрақтамауы 4 проценттен 15 процентке дейін жетті. Бұл мәселені жедел түрде шешу керек. Әйтпесе, бірнеше жылдан кейін кадр тапшылығы мәселесі ушыға түседі. Үкіметке осы саладағы кәсіби мамандардың әлеуетін және бәсекеге қабілетті еңбекақы төлеу деңгейін қалыптастыру үшін шаралар қабылдауды тапсырамын.

Әлемде энергияны сақтаудың жаңа технологиялары пайда болып жатыр. Техниканың тым жылдам дамып жатқанын ескерсек, бұл да жуық арада қолданысқа енуі мүмкін. Атап айтқанда сутегі қуатын дамыту қарқын ала бастайды. Біз бұған дайын болуымыз қажет. Мұндай технологиялармен жұмыс істей алатын мамандар және қажет. Сондықтан Президент энергетика жөніндегі құзырет орталығын ашуды ұсынды. Онда энергетика саласындағы жоғары технологиялық инновацияларды пайдалану тәжірибесі сынақтан өткізіледі.

Қорған Қонысбайұлы