Мемлекет басшысы Қазақстан халқын келе жатқан Елорда күнімен құттықтады

«Ұлт мүддесіне қызмет еткен көрнекті қайраткерлерге ескерткіш қою – тарихи тұлғаларымызға деген шынайы құрметтің көрінісі».

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев елордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ескерткішінің ашылу рәсімінде осылай деді. Мүсін Әлихан Бөкейхан мен Керей, Жәнібек хандар көшелерінің қиылысындағы саябақта орналасқан.

Елорда күні қарсаңында қаланың рухани келбетін көркейте түсетін жаңа кешендер ашылды. Былтыр осы игі дәстүрмен Елбасы кітапханасы музейі бой көтерді. Оның алдынан ашылған саябақ қала тұрғындары үшін жайлы демалыс орнына айналды. Ал биыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне тағы бір тарихи ескерткіш орнатылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгін біз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құрметіне орнатылған тарихи ескерткішті дәл осы жерде ашып отырмыз. Мерейлі жылда мұндай сәулет туындысының бой көтеруі – заңды құбылыс. Елбасы көптеген халықаралық бастама көтеріп, мемлекетімізді жаһандық саясаттың төріне шығарды.

Мемлекеттіліктің негізін қалыптастыру, шекара шебін халықаралық келісімдер арқылы біржола шегендеу. Бұл Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен тәуелсіз ел қол жеткізген жетістік. Жаһандық дағдарысты еңсеріп, халықаралық беделді нығайту да үлкен істің бір парасы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елбасы көптеген халықаралық бастама көтеріп, мемлекетімізді жаһандық саясаттың төріне шығарды. Оны бүкіл әлем ұлы саясаткер, тарихи тұлға ретінде біледі. Қасиетті Отанымыз – Қазақстанның бүгінгі және ертеңгі ұрпағы осындай ұлт перзентіне қарап, бой түзейді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы аса қауіпті сын-қатерлер мен жаппай қираған қиын-қыстау кезеңде Елбасы халықтың өзіне деген сенімін ұялатып, ертеңгі күнге деген үміт отын жаға білді. Халықты ауқымды өзгерістерге талмай жетеледі. «Тұңғыш Президент аса жауапты өзгерістердің, ауқымды реформалардың нақты іске асырушысына және Тәуелсіздіктің символына айналды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондықтан ұлт мүддесіне қызмет еткен көрнекті қайраткерлерге ескерткіш қою – тарихи тұлғаларымызға шынайы құрметтің көрінісі. Осыған байланысты Президент жақын күндері Алаштың үш арысы – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлына және басқа да көрнекті тұлғаларға ескерткіштер ашылатынын айтты.

Жиын соңында Мемлекет басшысы Қазақстан халқын келе жатқан Елорда күнімен құттықтады.

Авторы: Рауан Мыңбаев, ПТКК