Қ.Тоқаев Қазақстанға неліктен атом электр станциясы қажет екенін айтты

Қазақстан Азия-Тынық Мұхит аймағымен байланысын бекемдейді. Бұл туралы Ресейдің Владивосток аймағында өткен алтыншы Шығыс экономикалық форумында белгілі болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға видеобайланыс форматында қатысты. Мемлекет басшысы өз сөзінде Ресей, Қытай және Корея елдерімен табысты ынтымақтастық жайына тоқталды. Сондай-ақ Қазақстанға неліктен атом электр станциясы қажеттігін айтты.

Әуелі ең өзектісінен бастасақ. Қазақстанға атом электр станциясы керек. Онсыз елде алдағы он жылдықта электр қуатының жетіспеушілігі туындайды. Кейін жағдай қиындайды. Президент бұл мәселені Шығыс экономикалық форумында көтерді. Уақыт өте келе көмірден электр қуатын өндіруге шектеу қойылса, атом электр станциясын салудан басқа амал қалмайды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл мәселені шын мәнінде қарастыратын уақыт келді. Қазақстанға атом электр станциясы керек. Аталған мәселеге барынша прагматикалық тұрғыдан, мүмкіндігінше үйлесімді тұрғыдан келу керек деп есептеймін. Алдағы уақытта әрбір ел технологиялық және экономикалық құрылыс трансформациясына байланысты қиыншылықты бастан өткереді. Бұл әрине ұлттық экономикаға қауіп төндіреді. Бірақ бұл қатерді тек өңірлік, әсіресе жаһандық деңгейде бірлесе жеңуге болады.

Шығыс экономикалық форумы - берісі Ресей, әрісі Азия-Тынық мұхиты аймағымен тиімді әріптестік алаңы. Еуразия кеңістігінде біздің ел байланысын бекемдей түспеген бірқатар нарық бар. Сауда-саттықты жандандырып, тауар айналымы арттыратын әлеует жеткілікті. Алдағы 5 жылда Қазақстан 7 млрд доллардың өнімін шетелге экспорттауды жоспарлап отыр. Әсіресе агроөнеркәсіптік кешенде мүмкіндік мол. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-  Қазақстан мен Ресейдің салалық ведомстволары ауыл шаруашылығы өнімдерін үшінші елдердің нарығына шығару мақсатында күш жұмылдыру мүмкіндігін қарастыра алар еді. Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытайға экспорттау үшін номенклатураны кеңейту мәселелері бойынша жұмыс жүріп жатыр. Азық-түлік тасымалдау саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық көлік-транзит саласы сияқты өңірлік кооперацияны дамытудың тиімді үлгілерінің бірі бола алады.

Батыс пен Шығыс, Еуропа мен Азия арасында тікелей көлік дәліздері толық игерілмей отыр. Арада транзиттік хаб құру үшін Қазақстан қажетті инфрақұрылым қалыптастыруды бастап кетті. Президент бірқатар бағытқа егжей-тегжейлі тоқталды. Алдағы уақытта Қытаймен арада жаңа теміржол желісінің салынатынын айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан транзиті өзінің экономикалық тұрғыдан тартымдылығы мен сенімділігін дәлелдеді. Сондықтан инфрақұрылымды жетілдіру ісін жалғастыра береміз. Атап айтқанда, Қытай Халық Республикасымен арадағы транзиттік қатынастарды кеңейту үшін «Достық – Мойынты» жаңа теміржол бағытының құрылысын бастаймыз. Инвестицияның жалпы көлемі 2 миллиард доллардан асады.

Еліміз тәуелсіздік жылдары сырттан 365 млрд доллар тікелей инвестиция тартты. Бұл жағдай былтыр пандемия кезінде де өзгермеді. Керісінше инвестиция көлемі 35 процентке молайды. Бұған көбіне Ресей, Қытай және Корея сынды мемлекеттермен тиімді әріптестік әсер етті. Аталған елдермен бірнеше жоба табысты жүзеге асырылып жатыр. Форум аясында Қазақстан Үкіметі мен Ресейдің СБЕР компаниялар тобы арасында цифрлық трансформация, цифрландырудың платформалық моделіне көшу туралы меморандумға қол қойылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- 15 жылдан астам уақыт біздің нарықта табысты жұмыс істеп келе жатқан СБЕР-дің қазақстандық мемтехтың институционалдық негізін қалыптастыруға атсалысуы Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты зияткерлік технология сияқты аса маңызды сала арқылы жан-жақты ете түседі. Шын мәнінде бұл өте маңызды қадам. Бұл стратегиялық жобаның жүзеге асырылуы Қазақстан азаматтарының тұрмыс сапасын арттыруға және бизнес-климатты жақсартуға ықпал ететіні сөзсіз.

Владимир Путин Ресей Федерациясының Президенті:

- Бүгінгі бірлескен жұмыстар жемісті әрі нәтижелі болады деп санаймын. Бұл елдеріміз бен халықтарымыз арасындағы толыққанды әрі маңызды серіктестікті одан әрі нығайтуға ықпал етеді.

Сөз соңында мемлекет басшысы Еуразия «біздің ортақ үйіміз» деген ұстанымды Қазақстанның қолдайтынын айтты. Біздің ел барлық сала бойынша сындарлы ынтымақтастықты жалғастыра беруге дайын. Әсіресе Азия-Тынық мұхиты аймағындағы елдермен байланыс беки түседі.

Рауан Мыңбаев