ШЫҰ-ның Душанбедегі бейресми кездесуінен фотолар жарияланды

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының Душанбедегі бейресми кездесуінен фотолар жарияланды.

Суреттерді Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында бөлісті.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Душанбеде ҰҚШҰ мен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының бірлескен отырысына қатысты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде дәсүрлі қонақжайлылығы мен Саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонға ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ мемлекет басшысы биыл ұйым үшін ерекше жыл екенін және осыдан жиырма жыл бұрын тарихи қадам жасалғанын, яғни ШЫҰ-ны құру туралы Декларация қабылданғанын атап өтті.

ХХІ ғасырдың басында негізі қаланған Шанхай ынтымақтастық ұйымының еуразиялық кеңістіктегі халықтардың қауіпсіздігі мен өсіп-өркендеу жолындағы тиімді ынтымақтастыққа деген ұжымдық ерік-жігерін бүкіл әлемге танытқанын айтты.

Мемлекет басшысы бүкіл әлемде және Душанбедегі саммит алаңдарында кеңінен талқыланып жатқан ауған мәселесіне арнайы тоқталды. ҰҚШҰ мен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Ауғанстанның жаңа билігімен бейресми диалог орнатуды бастау қажет екендігін атап өтті.