Қазақстан Ресей мен Беларуське тыйым салынған тауар өтуі мүмкін елдер тізімінде

Америка Құрама Штаттары Ресей мен Беларуське тыйым салынған тауарлар өтуі мүмкін мемлекеттердің тізімін жасады. Оған 18 елдің аты аталады. Ішінде Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Армения және басқа мемлекеттер бар. Енді АҚШ бұл мемлекеттерге қатысты қандай шешім қабылдауы мүмкін?

Америка құрама штаттары бұл елдер арқылы Ресей немесе Беларуське әскери техника, ұшақтың бөлшектері, гидроакустикалық жүйе, Джи-Пи-Эс, мұнай саласына қажетті техника жеткізілуі мүмкін деп күдіктенеді. Сондықтан бақылауды күшейтетіні айтылған. Алайда тізімдегі елдермен сауданы шектеу немесе азайту туралы әзірге әңгіме жоқ.  

Каспий құбыр консорциумы тоқтамайды 

Каспий құбыр консорциумы тоқтамайды. Ресейдің Краснодар өлкелік соты осындай шешім шығарды. Ал экологиялық құжатта кеткен қателіктің жазасы ретінде консорциумға 200 мың рубль айыппұл салды. Бұған дейін Новороссийск қаласының Приморск аудандық соты консорциумның жұмысын 30 тәулікке тоқтату туралы шешім шығарып, жұртты дүрліктірген болатын. Өйткені Қазақстан мұнайының 80 проценттен астамы осы құбыр арқылы экспортталады. Мемлекеттік бюджет кірістерінің тең жартысы қара алтын саудасынан түседі. Ұлттық экономика миинистрлігінің мәліметіне қарағанда биылғы бюджет сәуір айында нақтыланған. Ол кезде мұнай бағасына байланысты түрлі болжам жасалды. Мәселен, мұнайдың баррелі 90 теңге болса, ұлттық қорға 3,9 триллион теңге, мемлекеттік бюджетке 1,8 триллион теңге түседі. Ведомство мұнай одан әрі қымбаттаса қазынаға қанша түсетінін алдын ала есептеп қойған. 

Жазира Мыңбаева, ҚР ҰЭМ Салық және кеден саясаты департаментінің бас маманы:

- Мұнайдың қазір бағасы құбылмалы болып өсіп тұрғандықтан нақтыланған бюджет уақытысында түрлі сценарийлер болжанды. Мәселен, барреліне 100 доллар болған жағдайда ұлттық қорға 0,5 трлн теңге, республикалық бюджетке 0,2 трлн теңге түсім өседі деп болжанды. Ал егер де барреліне 120 болған жағдайда ұлттық қорға 1,4 трлн республикалық бюджетке 0,8 трлн түсім болжанды.