Алматы облысында су құнын негізсіз көтергендер тексеріледі
Алматы облысының фермерлері егін алқаптарын суғаруға артық ақша жұмсап келді.
Еңбекшіқазақ ауданының шаруалары суармалы су тарифтерінің жылда көтерілуіне арыз-шағым айтатын. Шаруалардың шағымы ескеріліп, мәселе шешімін тапты.
Жеке шаруа Арслан Манапов жылда 3 гектар жерге жоңышқа егеді. Су молынан керек. Бұған дейін суды ауылшаруашылық кооперативінен алған. Ақшаны артық төлеген. Мәселен, ауыл іргесіндегі Қорам каналы тазаланбайтын. Алқапқа жеткенше судың жартысы жерге сіңіп, ысырап болатын. Биыл фермер кооперативке тәуелді болмайды. Енді суды еш кедергісіз Үлкен Алматы каналы мекемесінен алады.
Арслан Манапов, жеке шаруа:
- 3-4 км ішінде біраз су потерясы болады.Судың шығыны болады. Сол шығынды ешкім көтермейтін. Ол шығынды шаруа қожалықтары өздері төлейтін. Енді қазір бізге су өлшегіштерін қойып беріп жатыр. Поляның басынан сол алған судың көлемін төлейтін боламыз.
2015 жылдан бастап өңірде 24 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істеген. Олар суды Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналынан 1 текше метр үшін 78 тиыннан алып, шаруаларға бір гектар жер үшін 20 000 – 28 000 теңгеден сатқан. Осылайша монополист рөлін атқарған. Кейбір шаруа қожалықтарының 60 гектар жерді суарғаны үшін 1 млн теңгеден астам ақша төлегені белгілі болды. Қазір кооперативтердің жұмысы тоқтатылды.
Серік Орымбетов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің Алматы облыстық департаментінің басшысы:
- Үлкен Алматы каналымен қазір шаруа қожалықтар тікелей келісімшартқа отырды. Бағасы арзандады судың. Қазіргі кезде отыз мыңдай шаруа қожалығы тікелей келісімшартқа отырады. Ол үлкен қолдау деп ойлаймын шаруа қожалықтарына.
Мейрам Арыстанов, Д.Қонаев атындағы үлкен Алматы каналының директоры:
- Шаруалар нақты алынған судың көлеміне төлейді. Мысалы қазір біздің тарифіміз 0.7 тиын бір теңгеге де жетпейді. Жалпы филиал бойынша қазір 20% шаруалармен договорға отырдық. Мына Қаратұрық массиві бойынша майдың соңына суды беруді бастаймыз.
Антикор ақпараты бойынша су бағасын негізсіз көтеріп, қымбатқа сатқан кооперативтердің іс әрекетін облыстық прокуратура тексереді. Шаруа қожалықтарының құқықтарын қалпына келтіру мақсатында облыстық су шаруашылығы коммуналдық кәсіпорны құрылды. Қазіргі таңда кәсіпорын су арналарын тазартумен айналысып жатыр. Нәтижесінде биыл 30 мыңға -ға жуық шаруа қожалықтары суды қолайлы бағамен алады.
Авторлары: Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев