12 маусым Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды

12 маусым елде жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Бұл туралы «Семей орманы» табиғи резерватындағы алапат өрт салдарынан қаза тапқан орманшылардың отбасымен кездескен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.

Президент марқұмдардың отбасы мен мен жақын туыстарына көңіл айтып, жан-жақты көмек көрсету үшін Үкіметке тапсырма берілгенін айтты. Олардың барлық өтініші орындалады. Қайғылы оқиғаға кінәлілердің бәрі заң бойынша жауапқа тартылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Көңіл айтуға арнайы келіп отырмын. Бекем болыңыздар. Орыны толмас қайғы екенін түсінемін. Үкіметке немесе маған жеке өтініштеріңіз болса, айтыңыздар. Барлық өтінішті орындаймыз. Дүйсенбі күнін еліміз бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияладым. Біз қаза тапқан азаматтарды еске аламыз. Құқық қорғау органдары мен министрліктер тарапынан болсын, барлық сала бойынша тиісті шаралар қабылданады. Қазір кеңес өткіземін. Бұл жағдайдан міндетті түрде тиісті қорытынды шығарамыз.