Президент не үшін кешірім сұрады?

Ертең – елде Жалпыұлттық аза тұту күні.

Семейдегі қайғылы жағдайға байланысты Мемлекет басшысы осындай шешім қабылдады. Өрт болған жерге ұшып барған Қасым-Жомарт Тоқаев ет-жақынынан айырылған ағайыннан Мемлекет басшысы ретінде кешірім сұрады. Сосын осы оқиғаға кінәлінің бәрі заң жүзінде жауапқа тартылады, - деді. Өйткені министрлік пен басқа да жауапты органдар апаттың ауқымы бойынша қате болжам жасаған.

Ертеңжалпыұлттық аза тұту күні

Семейдегі өрт талай азаматты алып кетті. Қалың ел қара жамылды. Еңсесі езілген ағайынға көңіл айту үшін бүгін Мемлекет басшысы алапат өрт болған аймаққа ұшып келді. Жабырқаған жұрттың ортасынан табылып, қаза тапқан орманшылардың туыстарына демеу сөзін айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Көңіл айтуға арнайы келіп тұрмын. Бұл – бүкіл халқымыз үшін үлкен қасірет. Еліміздің қайғысы. Бекем болыңыздар. Орны толмас қайғы екенін түсінемін. Сіздерге жан-жақты көмек көрсету жөнінде Үкіметке тапсырма бердім. Үкіметке немесе маған жеке өтініштеріңіз болса, айтыңыздар. Барлық өтінішті орындаймыз. Қаза тапқан азаматтар қайтып келмейді. Бірақ өмір жалғасады. Осы қайғылы жағдайға кінәлілердің бәрі заң бойынша жауапқа тартылады. Дүйсенбі күнін еліміз бойынша жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияладым. Біз қаза тапқан азаматтарды еске аламыз. Сабыр сақтап, бекем болыңыздар.

Қара жамылған шаңырақтарға көмек көрсетіледі

Тас түскен жеріне ауыр. Қамыққан жұртқа жылы сөз айтқан соң, Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекет басшысы ретінде осы жағдай үшін кешірім сұраймын» деді. Қара жамылған шаңырақтарға көмек көрсетіледі. Несиелері кешіріледі. Келесі аптада барлық мәселе шешіледі. Өтініштің бәрі орындалады.

Ахуал неге ушықты?

Жағдайдың ушығуына не себеп? 8-і күні басталған өрт неге сонша жайылып кетті? Осы сұрақты облыстық департаменттің басшысына қойғанымызда ол негізгі себепті былай деп түсіндірді.

Апаттың ауқымы бойынша қате болжам жасалған

Министрлік және басқа да тиісті органдар апаттың ауқымы бойынша қате болжам жасаған. Мемлекет басшысы осындай мәлімдеме жасады. Жауаптылар ісіне атүсті қараған. Салғырттық соңы осыған әкеліп соқты.

Жанары жасқа толған жандар орман шаруашылығы тиісті техникамен қамтамасыз етілмегенін айтып күйінді. Қаза тапқан Алексей Губаевтың жұбайы Татьяна Будюк күйеуінің орманға жеке көлігімен барғанын айтады.  Кінәлінің бәрі енді тергеу кезінде анықталады. Қылмыстық іс қозғалды.  Мемлекет басшысы бұл жағдайдан міндетті түрде тиісті қорытынды шығарамыз деді.

Өрт қашан сөндіріледі?

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- «Семей орманы» резерватының жалпы аумағы 650 мың га-дан асады. Өрт кезінде соның 60 мың гектары жойылған.

Қазір алапат өртпен мың жарымға жуық адам алысып жатыр. 300-ге жуық техника мен 11 тікұшақ жүр. Осы кезге дейін әуеден мың тонна су тасталды.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Бір кезде бұғы мекендеп, бұтасынан қоян сығалаған орман бір-ақ күнде күйреді. Көкке өрлеген қарағайлар әп-сәтте күлге айналды. Ең өкініштісі, қанша адамнан айырылдық. 8-і күні өрт басталғанда 14 орманшы осы жаққа аттанады. Сөйтіп, жан-жақтан жалын қаулағанда техникамен бірге бәрі оттың ортасында қалады.

Бұл – Серікқали Жаншуақов. Бородулиха тұрғыны. Малшы. Өрт әуелде елді мекеннен алыс жерде басталғанын айтады. Сөйтіп, кешқұрым түтін қоюлана түскен. Ақыры тілсіз жау орман маңындағы шаруаның үйіне жетеді. Қазір үй-жай, қора-қопсының орны күл болып жатыр.

Өрт резерваттың 5 бөлігіне жайылған. Үшеуінде жағдай тұрақталды. 2 алқап ерекше бақылауда. Елді мекендерге қауіп жоқ. Мамандар ауа райы жағдайды ушықтырмаса, бірер күнде отты толық ауыздықтаймыз деп отыр. Бірақ бүгін жел тұрып, бықсып жатқан жерлер қайта лаулады. Ал ертең секундына 20 метрге дейін жел соғады деген болжам бар. Не де болса, жақсылықтан үміт етейік.   

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Асхат Қарақойшиев, Айдос Серікболұлы, Алмас Омарғалиев, ПТРК.