Президент Премьер-министрдің орынбасарын қабылдады

Ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларға бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылау күшейеді.

Премьер-министрдің орынбасарына Президент осыны тапсырды. Серік Жұманғарин Қасым-Жомарт Тоқаевқа өзі жетекшілік ететін сауда, интеграция, ауыл шаруашылығы салаларында қазір атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің алдағы отырысына дайындық. 2024 жылы бес елдің интеграциялық бірігуіне 10 жыл толады. Одақ құрылған уақыттан бері Қазақстанның серіктестермен арадағы өзара сауда айналымы 74 пайызға өсті. Бұл ретте экспорт 90 пайызға артқан. Сонымен қатар Мемлекет басшысына агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңдеу көлемін 30 пайыздан 70 пайызға дейін ұлғайту туралы тапсырмасының орындалу барысы баяндалды. Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешенінде 2024-2026 жылдары жүзеге асырылатын 500 ірі әлеуетті жобаны дайындаған. Оның жалпы құны 1,6 триллион теңге. Алғаш рет екінші деңгейдегі отандық банк бұл жобаларды іске асыру үшін 500 миллиард теңгеге жуық өз қаржысын салуға дайын екенін жеткізді. Жақын арада әлеуетті жобалардың тізімі жаңартылады.