Тоқаев: ҰҚШҰ бітімгерлік күштері бір де бір оқ атқан жоқ
Аймақтарда жаппай тәртіпсіздік белең алып, жергілікті билік дәрменсіздік танытқанда, еліміздің Қауіпсіздік кеңесі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жүгіну туралы шешім қабылдады.
Ұйым бітімгерлері Қаңтар оқиғасы кезінде бір де бір оқ атқан жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаев Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында осылай деді.
Президент көлемді сұхбатында Қаңтар оқиғасы кезіндегі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының рөлін осылайша тілге тиек етті.
Айтуынша, Қазақстан бітімгерлік күштерін тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ғана қысқа мерзімге енгізуді сұрады. Сол кезде осы ұйымның төрағасы Армения болатын. Биыл Қазақстан төрағалық етеді.
Армения жасағы «Ақсай» нан зауытын және «Алматы су» мекемесін, Беларусь жасағы Жетігендегі аэродромды, Тәжікстан мен Қырғыз Республикасының әскери қызметшілері Алматы қаласының бірінші және екінші жылу электр орталықтарын, Ресей жасағы үшінші жылу электр орталығы мен телекоммуникация нысандарын күзетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз бұл құрылымның мүшесі ретінде Ресейге емес, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жүгіндік. Сол кезде осы ұйымның төрағасы Армения еді. Биыл Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына Қазақстан төрағалық етеді. Құрылым жасағы, шын мәнінде, бітімгерлік рөл атқарып, қасіретті күндерде елді жайлаған жүгенсіздікті тоқтатуға септігін тигізді. Ұйымға мүше мемлекеттермен келісілгендей, бұл бітімгерлік күштер алдын ала ешқандай талап қоймастан, оның үстіне мерзімінен бұрын Қазақстаннан сыртқа шығарылды.