Тоқаев италиялық инвесторлармен кездесті
Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Қазақстанда құны 46 триллион доллардан асатын бес мыңнан астам барланбаған кен орыны бар.
Біз Еуропа Одағына мүше елдердің экономикасына қажетті ең маңызды 34 шикізаттың 19 түрін өндіреміз. Ал тиісті инвестиция болса, кобальт, вольфрам, литий сияқты пайдалы қазбалардың 9 түрін игеруге болады. Италиялық кәсіпкерлермен кездескен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бизнесмендерді ел экономикасына инвестиция құйып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Ол үшін барынша қолдау болады деді Президент.
«Қазақстан-Италия» инвестициялық дөңгелек үстелі. Бұл жиынға елімізбен іскерлік байланыс орнатуға ниет білдірген халықаралық деңгейдегі 30-ға жуық компанияның өкілдері жиналды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Былтыр еліміздің экономикалық өсімі 5,1 пайыз деңгейінде болды. Бұл болжамды жаһандық көрсеткішке қарағанда шамамен 2 есе жоғары. Біздің орта мерзімді перспективадағы стратегиялық мақсатымыз – 2029 жылға қарай экономиканың көлемін екі есе ұлғайтуға мүмкіндік беретін 6-7 пайыздық өсімге қол жеткізу. Ол үшін ауқымды реформалар жүргізу қажет еді. Сондықтан саяси реформалармен қатар, нарықтық және бәсекеге қабілетті экономикамызды айтарлықтай нығайтып жатырмыз. Мен мұны табысқа жетудің қажетті шарты деп есептеймін. Қазақстанда таяу арада экономикамыздың ашық, сенімді және қарқынды дамуына ықпал ететін аса маңызды әрі түбегейлі реформалар басталады. Мұны сіздерге сенімді түрде айта аламын.
Қазақстандағы стандарттарды, ережелерді және бизнес жүргізу тәжірибесін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының деңгейіне жеткізу. Бұл Президент айқындап берген міндет болып отыр. Ол үшін әрине инвестицияны көптеп тарту қажет. Бұл ретте Қазақстан ең жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін инвестициялық ахуал қалыптастыруға ниетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Біз инвесторларға оңтайлы әрі ыңғайлы орта қалыптастыру үшін бизнеске қойылатын артық талаптарды анықтап, оларды жойдық. Жақында Инвестицияларды тарту жөніндегі кеңес құрылып, оған кең ауқымды өкілеттік берілді. Бұл Кеңестің жедел шешім қабылдауына, көрсетілетін жан-жақты мемлекеттік қолдауды қамтамасыз ету арқылы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруына ықпал етеді.
Энергетика саласы – екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыты. Италиялық кәсіпкерлерге Президент осылай деді.
Бүгінде Қазақстан мұнайының 80 пайыздан астамы Еуропаға экспортталады. Бұл Еуроодаққа қажет мұнайдың шамамен 10 пайызын қамтамасыз етеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Қазақстанның ұзақ жылдан бергі және сенімді энергетикалық серіктесі Италияға алғыс айтқым келеді. Біз италиялық ENI компаниясының Қазақстан экономикасына қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Қазақстан мұнай мен газды барлау саласында мол мүмкіндік ұсынып отыр. Біз маңызды кен орындарын ашу мақсатында әлемдік озық тәжірибені енгізіп жатырмыз. Сондай-ақ Италия компанияларын мұнай-газ саласында сервистік қызмет көрсету ісіне атсалысуға шақырамыз.
Қазір елімізде басымдық беріліп отырған тағы бір бағыт – ол жаңартылатын энергия саласы. Айта кету керек, Қазақстан өңірде бірінші болып Париж келісімін ратификациялаған мемлекет. Яғни, 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөнінде міндеттеме алып отырмыз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Біздің жаңартылатын энергия саласындағы әлеуетіміз 1 триллион кВт/сағ деп бағаланады. Оған Францияның, Сауд Арабиясының, Біріккен Араб Әмірліктерінің және Германия мен Швецияның ірі жаһандық компаниялары қызығушылық танытты. Бұл компаниялар қуаты 43 ГВт болатын жаңартылатын энергияны өндіру жөніндегі жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Италияда электр энергиясының үштен бірі «жасыл энергетика» көздері есебінен өндірілетіні белгілі. Осы тәжірибені ескерсек, италиялық компаниялар да аталған жобаларды іске асыруға ниет білдірген кәсіпорындардың қатарына қосыла алады.
Президент бизнес өкілдерін аса маңызды шикізатты өндіру және өңдеу саласында да жұмыс істеуге шақырды. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Қазақстанда құны 46 триллион доллардан асатын бес мыңнан астам барланбаған кен орны бар. Бүгінде біз Еуроодаққа мүше елдердің экономикасына қажетті ең маңызды 34 шикізаттың 19 түрін өндіреміз. Қажетті инвестиция болса, кобальт, вольфрам, литий сияқты пайдалы қазбалардың 9 түрін игеруге болады. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласын да арттыру жайына тоқталды. Еліміз өңірлік хабқа айналу үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуды белсенді түрде қолға алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Соңғы 15 жылда Қазақстан көлік инфрақұрылымына 35 миллиард доллардан артық қаржы құйды. Алдағы үш жылда 1300 шақырымнан астам теміржол желісін салуды жоспарлап отырмыз. Бұл Қытай, Оңтүстік Азия және Еуропа бағыттарындағы тауар тасымалын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан италиялық инвесторларды біздің айлақтарымызды дамыту, жүк тасымалдаушы кемелерді бірлесе шығару және логистикалық орталықтар құру ісіне белсенді атсалысуға шақырамыз. Қазақстан аумағы арқылы өтетін 13 халықаралық бағыттың, сондай-ақ Алматы мен Милан арасындағы тікелей әуе рейстерінің арқасында екі елдің қарым-қатынасы бұрынғыдан да беки түсті. Біз Астананы Рим және Милан қалаларымен жалғайтын тікелей рейстерді ашу жоспарын қуана құптаймыз.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласында бірлескен жобаларды тиімді жүзеге асыру үшін зор әлеует бар екеніне тоқталды. Италия бизнес-элитасының назарын осы бағытқа аударды. Тағы елімізде биотехнология, фармацевтика салаларындағы инвестициялық мүмкіндіктер туралы хабардар етті. Инвестициялық дөңгелек үстел аяқталғаннан соң 4 құжатқа қол қойылды. Тараптар энергетика, өнеркәсіп салаларындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөнінде келісімге келді.
Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы:
- Біз Balestra компаниясымен келісімге қол қойдық. Ол келісімге сәйкес біз Түркістан облысында күкірт қышқыл зауытын ашамыз. Бұл зауыт «Қазатомпром» өнеркәсібінің еншілес компанияларын күкірт қышқылымен қамтамасыз етеді.
Жиын соңында Мемлекет басшысы Қазақстанның әлеуетті инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтты. Сондай-ақ италиялық кәсіпкерлерді «Астана» халықаралық форумына қатысуға шақырды.
Риат Шони, Ерлан Наурызбаев, Бахытбек Нұртаев және Алмас Омарғалиев