Қазақстан мен Өзбекстан арасында жаңа теміржол байланысы іске қосылады

Қазақстан мен Өзбекстан арасында жаңа теміржол желісі пайда болады, деп хабарлайды 24KZ. Жоба 2027 жылы жүзеге асады. Бұл екі елдің алыс-берісін арттырып, Сарыағаш – Ташкент бағытындағы станцияның жүк тасымалдау қуатын біраз жеңілдетпек.

Жаңа теміржолдың ұзындығы 203  шақырым. Жоба құрылысы былтыр басталды. Оған 3400 адам жұмылдырылды. Іске қосылған кезде 500 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. «Жаңа теміржол қос мемлекеттің алыс-берісін арттырады», – дейді сарапшылар.

Равшан Назаров, саясаттанушы:

- Екі ел үшін де маңызды жоба. Біріншіден, Жетісай мен Мақтаарал аудандарына теміржол байланысы жаңа мүмкіндіктер әкеледі. Шекаралық сауда-саттық жанданады. Екіншіден, 9 станция жүк тасымалын ғана емес, жолаушылардың қатынасына да оң әсер етеді.    

Қазір Қазақстан мен Өзбекстаннның темір жол тасымалы Сарыағаш – Ташкент станциясы арқылы жүзеге асады. Тауардың көптігінен станцияның вагондарды өткізу қуаттылығы шамадан тыс жұмыс істеп тұр. Жаңа жоба жүк тасымалын біраз жеңілдетпек.   

Равшан Назаров, саясаттанушы:

- Екі елдің экспорттық, импорттық көрсеткіштері соңғы жылдары өсіп отыр. Өзбекстан, Ресей мен Қытайға жөнелтетін тауарларын Қазақстан аумағы арқылы тасымалдаса, Қазақстанның өнімдері Өзбекстан арқылы Иранға, Тәжікстан мен Ауғанстанға экспортталады. Осы ретте екі елдің де Орталық Азияда транзиттік әлеуеттері зор.  

Жалпы Қазақстанмен Өзбекстан арасында 2024 жылдың 11 айында тауар айналымы 3,8 млрд долларға жеткен. Ал осы тектес жобалар іске қосылса, көрсеткіш көлемі ұлғаяры анық.

Авторы: Дулат Нуркин.