Жаһандық жылыну – Орталық Азия үшін басты сын-қатердің бірі

Жаһандық жылыну – Орталық Азия үшін басты сын-қатердің бірі.

Жылыну үдерісінің үдей түсуі адамдардың тұрмыс-тіршілігіне және азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Бұл туралы Мемлекет басшысы «Абу Дабидің орнықты даму апталығының» пленарлық сессиясында айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев климаттың өзгеруі мәселесінен бөлек әлемдегі геосаяси шиеленістердің ауыр салдарына да тоқталды.

Досжан Ысқақ, тілші:

- Ғылым мен технологияның көз ілеспес жылдамдықпен дамуы және қазіргі геосаяси, экономикалық жағдайлардың салдары экологиялық, әлеуметтік үлкен дағдарыстарға әкеп соқтырып жатыр. Қазір жаһан жұрты осы сын-қатерлерге қарсы  күресте күш біріктіре бастады. «Абу Даби саммиті де» халықаралық деңгейде тізе қосып, азық-түлік қауіпсіздігі, энергия тапшылығы және климаттың өзгеруі сияқты ауқымды мәселелерді шешуге үндейтін жаһандық жиын. Биыл Абу Даби апталығының күн тәртібіне жасанды интеллект қосылды.

«Абу Дабидің орнықты даму апталығы» Біріккен Араб әмірліктерінің астанасында 2008 жылдан бері тұрақты түрде өтіп келе жатқан шара. Биылғы саммитке  әлемнің 100- ден аса мемлекетінен келген 50 мыңдай делегаттың қатарында бірқатар мемлекеттердің президенттері, саясаткерлер,  ірі инвесторлар мен кәсіпкерлер бар. Пленарлық сессияда сөз алған мемлекет басшысы алдымен экология мәселесіне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Бүкіл әлем бойынша парниктік газ шығарындыларының 75 пайызы энергетикалық жүйелерге тиесілі. Биоалуантүрліліктің 10 пайызы соның салдарынан жойылады. Осы тұрғыдан алғанда, Masdar, Total, Eni сияқты халықаралық серіктестердің Қазақстанда жалпы қуаты 43 ГВт болатын жасыл энергетика жобаларын жүзеге асыруға міндеттеме алуының мәні зор. Еліміздегі алғашқы атом электр станциясының құрылысы отандық энергетика саласын орнықты дамыту бағытындағы елеулі қадам болмақ».

Су – сарқылатын ресурс

Сусыз тіршілік тығырыққа тіреледі. Оның үстіне ол – шектеулі ресурс. БҰҰ мәліметінше, бүгінде 2,2 миллиард адам таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр.  Әлемде жыл сайын таза судың тапшылығынан болатын антисанитариядан мыңдаған адам көз жұмады. Бүгін президент тіршілік көзін барынша үнемдеп, суды пайдалануды жасанды инттелект пен цифрлық технологияларды пайдалануға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Біздің өңір трансшекаралық өзендерге тәуелді. Сондықтан бізге ерте ескерту жүйесін құрып, су және жер ресурстарын басқару ісін жетілдіру керек. Бұл ретте су үнемдеу технологияларына инвестиция салып, ирригация жүйелерін жаңғыртуға тиіспіз. Су ресурстарын тиімді басқару келісімдеріне қол жеткізіп, жасанды интеллекттің, жерсерік арқылы мониторингтің және басқа да цифрлық құралдардың көмегіне жүгінгеніміз жөн».

Азық-түлік қауіпсіздігі күн тәртібінен түспейтін мәселе

Бір қарағағанда жұмыр жерде тіршілік қалыпты сияқты көрінеді. Алайда әлемнің әр түкпірінде 700 миллионнан аса адам аштықтан зардап шегіп отыр. Азық-түлік өнімдерін өндіру мен жеткізуге қарулы қақтығыстар мен жаһандық климаттық өзгерістердің теріс әсерлері кедергі келтіріп жатыр. Сондықтан әлемдік қауымдастық үшін үшін азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі де басты назарда болады. Президент бұл мәселені шешуде әлемге жаңа даму парадигмасы керек екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Әлемдік нарықты азық-түлік өнімдерімен және тыңайтқыштармен тұрақты қамтамасыз ету үшін инновациялық тәсілдер қажет. Қазақстан халықаралық нарыққа мол көлемде бидай мен ұн экспорттайтын ел ретінде орнықты ауыл шаруашылығының әдістері мен технологияларын одан әрі жетілдіруді көздейді. Азық-түлік тапшылығына төтеп беру үшін әлемге жаңа даму парадигмасы керек. Ол орнықтылық, әділдік пен тұрақтылық ұғымдарына негізделуге тиіс».

Досжан Ысқақ, тілші:

- Қазір әлемнің алпауыт инвесторлары «жасыл инвестиция» деген терминді жиі қолданады. Бұл баламалы қуат көздеріне бөлінетін қаржы. Соңғы 20 жылда Бірікен Араб әмірліктерінің ірі инвесторлары жасыл келісімдерге көп көңіл бөліп келеді.

Біріккен Араб Әмірліктері қара алтынның қызығын көрген ел. Өткен ғасырдың ортасында табылған мұнай шөл далаға жан бітірді. Байлықтың буы бәдәуйлердің басын айналдыра бастаған тұста таққа отырған шейх Заид парсы шығанағының бойына зәулім қалалар салып, туризмнің орталығына айналдырмаққа шешім қабылдады. Бұл мұнайға тәуелділіктен арылу жолындағы алғашқы қадам еді.  Қазір Біріккен араб әмірліктерінің экономикасындағы мұнайдың үлесі 6 пайыз ғана. Қалғаны туризм, логистика, айти технология мен жасыл энергетика салаларының үлесінде.

Мариям Рашед аль Мазруи, MASDAR компаниясы бизнесті дамыту және инвестициялар бөлімінің басшысы:

- Біз жасыл энергияның тиімділігін көрсету үшін «Масдар сити» қалашығын салдық. Қала толықтай жел мен күннен қуат алады. Қаладан қоқыс шықпайды, бәрі қайта өңделеді. Біздің 2030 жылға дейін баламалы қуат көздерінен алынатын энергия көлемін 100 ГВт-қа жеткіземіз деген жоспарымыз бар. Бұл мақсатқа жету үшін әлі де бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыруымыз керек. Ондай жобалар әлемнің әр түкпірінде, соның ішінде Орта Азияда да жүзеге асады.

Биылғы саммитте де ұйымдастырушылар «әлем елдерін жасыл технология мен энергияның қайта жаңартылатын көздеріне инвестиция салыңдар» деп ынталандыруға тырысты. 18 ақпанға дейін жалғасатын Абу Даби апталығының аясында «Жасыл сутегі» тақырыбына жеке сессия да арналмақ. Жалпы «Абу Дабидің орнықты даму апталығы «Болашақпен байланыс: Орнықты дамуды жеделдету» тақырыбында өтіп жатыр.

Досжан Ысқақ, Еділ Ермекбаев, Ділмұрат Сейдаханов