Отандық ғалымдар ауа тазартқыш фильтр дайындап жатыр

Бүгін еліміздің бірқатар қаласында ауадағы көмірқышқыл газының үлесі артады.

Атап айтқанда Астана мен Алматыдан бөлек, Павлодар, Қарағанды, Теміртау, Өскемен, Семей, Риддер және Ақтөбедегі ауаның ластану көрсеткіші әдеттегіден жоғары болмақ. Қазгидрометтің хабарлауынша, бұған - қолайсыз метеорологиялық жағдайлар себеп. 2060 жылға дейінгі көміртекті бейтараптылыққа қол жеткізу үшін қазірден бастап заманауи технологияны қолданысқа енгізу қажет. Астаналық ғалымдар бұл ретте ауа тазартқыш фильтрді жасап шығарған.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Ақпанның 18-і, түскі сағат 12:00-лер шамасы. Астанадағы ауаның ластану индексі шамамен 50-ді көрсетіп тұр. Бұл дегеніміз, өкпеге түсетін ұсақ микробөлшектер, көмірқышқыл газы, шаң, металл, азот диоксиды мен көміртек тотығының мөлшері нормадан жоғарырақ. Демек, аса сезімтал және тыныс алу жолдарының ауруына шалдыққан жа ндардың дәл қазір далада жүрмегені абзал.

Метеорологиялық факторлардың әсерінен ауаны ластайтын зиянды заттар концентрациясы арта түседі. Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ метеорология және гидрология кафедрасының аға қызметкері Мадина Тұрсынбаеваның айтуынша, желдің екпіні, ылғал мөлшері, қысым сияқты өлшемдердің бәрі зиянды заттардың ауада таралуына тікелей әсер етеді.

Мадина Тұрсынбаева, эколог ғалым:

- Ластағыш заттардың концентрациясы көп жағдайда ауадағы қозғалыстарға байланысты. Яғни жел тұрмаса, ауаның көлденең қозғалысы баяулайды. Сондай-ақ атмосфералық шекараның төмендеуі де ықпал етеді. Мұндайда атмосфералық қысым жоғарылап, ауадағы ағымдар бәсеңдеп, зиянды қалдықтардың концентрациясы күрт артады.  

Мұндайда қайтпек керек? Жауап – ауаға бөлінетін зиянды қалдықтардың мөлшерін мейлінше азайту. Экологияны жақсарту мақсатында қазақстандық ғалымдар арнайы жобаға кіріскен. Қазір Еуразия ұлттық университетінің зертханасында ауа тазартқыш фильтр әзірленіп жатыр. Бұл көмірқышқыл газының атмосфераға таралуын болдырмаудың бір амалы, дейді ғалымдар.  

Әйгерім Шақаева, жоба атқарушысы:

- Ол үшін біз сүзгіш мембраналар мен органикалық металл қаңқаларын қосындысын дайындап жатырмыз. Осы екеуі де сіңіргіш материал саналады. Яғни көмірқышқыл газын сору қасиетіне ие. Осылай біз мембрананы сіңіргіш-төсеме материал ретінде қолданып, икемді әрі ықшам фильтр жасап шығарамыз.

Ғылыми жобаның мерзімі – бес жыл. Осы уақытта жан-жақты зертханалық сынақ жүргізіледі. Барлық тексерістен сәтті өтіп, тиімділігі дәлелденсе – өндірістік аймақтарға орнату мүмкіндігі қарастырылмақ. Айта кетейік, Қазақстан көмірқышқыл газының бөлінісі жөнінен 89 мемлекеттің ішінде 47-орында тұр. Экологтар заманауи сүзгіштерден бөлек, қатты отыннан баламалы энергия көздеріне көшу керегін айтады.

Бақыт Топтаева