Оралда жас ғалымдар үйректің жаңа тұқымын шығармақ

Батыс Қазақстан облысының жас ғалымдары құстарға арналған жемнің жаңа түрін ойлап тапты.

Өнім импорттық тауарларға қарағанда әлдеқайда арзан әрі пайдалы дейді, - жоба авторлары. Сонымен қатар студенттер құстарды будандастырып үйректің жаңа тұқымын шығаруды жоспарлап отыр. 

Бұл Орал университетіндегі ғылыми зертхана. Оқу ордасынан гөрі құдды бір құс фабрикасына айналғандай. Мұнда 700-ден аса құсты студенттер өз қолымен баптап өсірген. Лабораторияда линда қаздары, үнді үйректері сынды бірнеше тұқым бар. Жұмыртқалары 4 күн сайын жиналады. Жоба мемлекеттік грант есебінен жүзеге асырылған.

Жаңылсын Махимова, техникалық ғылым магистрі:

- Үйрек пен қаз жұмыртқасын салмағына қарап ажыратамыз. Мысалы үйректікі 60-80 грамм болса, қаздікі үлкендеу 80 мен 120 грамм аралығында болады. Жалпы балапан бастыру үшін алдымен оларды жинап, кейін сұрыптаймыз. Содан барып жарамдыларын инкубаторға саламыз.

Инкубаторға салынған жұмыртқадан 28-30 шақтай балапан шығады. Артынша олар арнайы торға орналастырылады. Онда жарық шамдары ілініп, қажетті температура сақталады. Мұның бәрін зерттеп жүрген жас ғалымдар бірнеше ғылыми жобаның авторы саналады. Ендігі кезекте үйректің жаңа тұқымын шығармақ.

Арман Сабыржанов, университеттің ғылыми қызметкері:

- Біз құстың жаңа тұқымын шығару үшін Бейжің үйрегімен будандастырмақпыз. Олардың өнімділігін зерттейміз. Яғни жұмыртқа сала ма, салса жиілігі қандай болмақ? Етінің сапасына да зерттеу жүргіземіз. Әзірге белгілі бір жасқа дейін өсіріп, одан соң жеке жәшіктерге шығарып ғылыми жұмыспен айналысамыз.

Студенттер құс өсіруге жаңадан ден қойған кәсіпкерлерге кеңес береді. Мысалы өз ауласында қаз өсіріп отырған Мереке Меңжановқа жәрдемдескен. Кәсіпкер 13 милллион теңгеге Ресейден 5 мың бас балапан алдыртқан.  Қазір сауда орындары мен базарда құс етін сатады.

Мереке Меңжанов, кәсіпкер:

- Бізде қаздар ауырып қалған жағдайда Жәңгір хан атындағы университет ғалымдыры бізге көмек береді. Лабороторияға алып кеп сойып, қандай ауру екенін  анықтап, сосын сол ауруды қандай дәрімен емдеуге болатынын сонын жолдарын көрсетеді бізге. Біз сияқты жаңадан бастап келе жатқан кәсіпкерге бұл үлкен көмек.

Жоғарғы оқу орнының ғалымдары құстарға арналған жемнің бірнеше түрін шығарған. Солардың бірі шыбын дернәсілі қосылған өнім. Мұны үйрек пен қаз сүйсіне қорек етеді. Сондықтан ғалымдар жыл соңына дейін патент алып, сатылымға шығарып көрмек.

Мерей Бает, Альбина Кумаргалиева