Ақтөбе облысында салынып жатқан мектептердің алтауы қолданысқа берілген

Былтыр Ақтөбе облысында 20 мектептің құрылысы басталып, оның алтауы қолданысқа берілген. Қалғаны биыл салынып бітуі тиіс. Нәтижесінде үш ауысымды, апатты және ескірген ғимараттардың мәселесі шешілмек.

Бұл еліміздің барлық өңірінде кездесетін проблема. Қазіргі уақытта республика бойынша үш ауысыммен оқытатын 151 мектеп бар. 

Соңғы жылдардағы ішкі миграция мен демографиялық ахуалдың оңға басуына байланысты облыс орталығындағы тұрғындар саны күрт артты. Әсіресе «Нұр Ақтөбе» мен «Батыс-2» ықшам аудандарындарындағы халық үшін мектеп тапшылығы күнделікті бас қатырар мәселе боп отыр. Сондықтан жаңа жыл қарсаңында 900 орындық оқу ордасының ашылуы жұртшылықты бір қуантып тастады.

Ақбаян Елубаева, қала тұрғыны:

- Таксиге мінеміз, автобусқа мінеміз, өте қиындық көріп жүрген болатынбыз. Үйдің қасынан осы мектептің гимназия болып ашылып жатқанына өте қуаныштымыз. Оның үстіне қазақ мектебі. Енді осы карантин бітіп, кедергі келтірмей, балаларымыздың оқуына мүмкіндік болып, осы жаңа мектептің ашылуына тезірек мүмкіндік болса екен деп тілейміз.

Қазір Ақтөбе облысында үш ауысымда оқытатын 10 мектеп бар. Тағы 3 білім ордасының ғимараты әбден ескірген. Сондықтан өңірде жыл санап құрылыс қарқыны үдеп келеді. Былтырдың өзінде 20 жаңа мектептің іргетасы қаланса, оның алтауы қолданысқа беріліп үлгірді. Бұл мақсатқа бюджеттен 6 миллиард 400 миллион теңге бөлінген.

Гүлназ Сүлейменова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Салынып жатқан 20 мектеп қазіргі таңда бір апатты, үш ескі, алты орын тапшылығы және он үш ауысымды оқытылатын мектептің мәселесін шешу үшін жоспарланған.

Мектеп тапшылығы тек Ақтөбе облысы ғана емес, еліміздің барлық өңіріне тиесілі мәселе. Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сәйкес, республика бойынша қазір 168 мың орын қажет. 34 апатты мектеп бар. Сондықтан құзырлы министрлік бұл мәселені бюджет қаражаты есебінен бөлек мемлекеттік және жекеменшік әріптестік аясында шешуді ұсынып отыр.

Авторлар: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков